Таза Қазақстан: Ақтөбеде күніне 10 тонна макулатура қайта өңделеді

Таза Қазақстан: Ақтөбеде күніне 10 тонна макулатура қайта өңделеді

 

5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау және Экологтар күніне орай Ақтөбедегі «Lucrum Star» ЖШС қағазды қайта өңдеу зауытының жұмысы БАҚ өкілдеріне таныстырылды. Кәсіпорын екінші реттік шикізатты өңдеу арқылы өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартуға үлес қосып келеді.

Ақтөбе қаласының индустриялық аймағында орналасқан зауытта бүгінде 86 адам еңбек етеді. Кәсіпорынның сату бөлімінің қызметкері Наталья Корчагинаның айтуынша, мұнда тәулігіне 10 тоннаға дейін макулатура қайта өңделеді.

«Көпшілікке таныс «Ромашка», «ГОСТ 90», «Семейная», «Proma» маркалы дәретхана қағаздары біздің кәсіпорында шығарылады. Зауытқа жеткізілген макулатура алдымен сұрыпталып, арнайы құрылғылардың көмегімен залалсыздандырылады. Кейін шикізат жұмсартылып, өңдеуден өткізіледі. Нәтижесінде дайын гигиеналық қағаз өнімдері үлкен орамдарға айналып, автоматты желіде қапталып, таңбаланады», – дейді ол.

«Lucrum Star» ЖШС 2022 жылдан бері Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жұмыс істейді. Қазіргі таңда кәсіпорында өндірілген гигиеналық қағаз өнімдері Батыс Қазақстан өңірлерімен қатар еліміздің оңтүстік аймақтарына да жөнелтіледі.

Зауыт өңір тұрғындары мен кәсіпорындардан макулатура сатып алып, оны қайта өңдеу арқылы қалдық көлемін азайтуға және табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға ықпал етіп отыр. Өндіріс үшін күн сайын шамамен 10 тонна қағаз қалдығы қажет.

Мамандардың айтуынша, қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу – табиғатты қорғаудың және «Таза Қазақстан» бастамасын қолдаудың маңызды тетіктерінің бірі.