Ақтөбеде 10 мың адам бір мезетте Мемлекеттік Әнұранды орындады

Ақтөбеде 10 мың адам бір мезетте Мемлекеттік Әнұранды орындады

 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Ақтөбе облысында кең ауқымды патриоттық акция өтті. Өңірдегі кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер, бюджеттік ұйымдар, жастар ұйымдары, волонтерлар мен құқыққорғау органдарының өкілдері бір мезетте Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындады.

Ауқымды шараға барлығы 10 мыңнан астам адам қатысып, мемлекеттік рәміздерге деген құрметін білдірді. Акцияның басты мақсаты – елдік құндылықтарды дәріптеу, азаматтардың отансүйгіштік рухын нығайту және мемлекеттік рәміздердің мәртебесін арттыру.

Мерекеге орай «Қазақойл Ақтөбе» АҚ бас директорының бірінші орынбасары м.а. Асхат Өтегенов қатысушыларды құттықтап, мемлекеттік рәміздердің ел бірлігі мен тәуелсіздігінің маңызды нышаны екенін атап өтті.

«Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың тарихын, мәдениетін және тәуелсіздігін айшықтайтын қастерлі құндылықтар. Туымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранымыз әрбір қазақстандықтың жүрегінде мақтаныш сезімін ұялатып, елге деген сүйіспеншілікті нығайтады. Баршаңызды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын! Еліміз аман, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын», – деді ол.

Мұндай шаралар қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайтып, жас ұрпақтың бойында патриоттық құндылықтарды қалыптастыруға, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға ықпал етеді.