Ақтөбеде кәсіпкерлікті дамыту және бизнесті қолдау мәселелері талқыланды

Ақтөбеде кәсіпкерлікті дамыту және бизнесті  қолдау мәселелері талқыланды

 

Бүгін, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Ермекұлы Сағнаев Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында өңір кәсіпкерлерімен кездесу өткізді. Бір алаңда бақылау және қадағалау органдарының, жергілікті атқарушы органдардың және «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері бас қосты.

Сапардың мақсаты - мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік қоғамдастықтың жедел іс-қимылын қамтамасыз ету, шағын және орта бизнес саласындағы түйткілді мәселелерді шешу, ең өзекті және жүйелі мәселелер бойынша келісілген шешімдерді әзірлеу.

Аталған іс-шараға 100-ден астам адам қатысуда. Кездесу барысында кәсіпкерлік субъектілері бақылау-қадағалау органдары мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдеріне сұрақтарын қойып, тиісті жауаптар алуға мүмкіндік алды.

Негізгі сауалдар әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мен қолдауға қатысты болды.

Жұмыс сапары аясында Ерлан Сағнаев құрылыс конструкциялары мен алюминий қорытпаларынан жасалған бұйымдар шығаруға мамандандырылған «Автокомп» ЖШС-нің өндірістік алаңында болды. Сапар барысында кәсіпорынның өндірістік қуатын арттыру, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін нығайту және өткізу нарықтарын кеңейту мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар, ол «Ақтөбе» арнайы экономикалық аймағының қызметімен танысты.Кездесу барысында инвестиция тарту, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру мәселелері қаралды.

Жұмыс сапарының қорытынды нысаны әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту аясында құрылған «JAS URPAQ & EVENTUM» түзету орталығы болды. Орталық ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға түзету, дамыту және әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларын іске асыра отырып, мамандандырылған көмек көрсетеді.

Жұмыс сапарын қорытындылай келе, Ерлан Сағнаев кәсіпкерлікті қолдау шараларын одан әрі жетілдірудің, инвестиция тартудың, әлеуметтік бизнесті дамытудың және Ақтөбе облысының тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.