
«Кітап оқитын ұлт» жобасы – кітап оқу мәдениетін дәріптеп, қоғамның рухани әрі танымдық дамуына серпін беретін маңызды бастама. Жоба аясында өңірлер арасындағы әдеби эстафета Ақтөбе облысына келіп жетті. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов кітап эстафетасын Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровқа жолдады.
Ақтөбе өңірінің басшысы кітап аманатын ресми түрде қабылдап алып, оқырмандар қауымына даңқты қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасын оқуды ұсынды.
«Кітаппен дос болған ұрпақтың танымы терең, ой-өрісі кең, рухы асқақ болады», – деп атап өтті өңір басшысы Асхат Шахаров. Өз кезегінде Ақтөбе облысының әкімі әдеби эстафетаны Қарағанды облысының әкімі Ермағамбет Бөлекпаевқа жолдады.
Айта кетейік, өткен аптада Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов оқырмандарға Рамазан Тоқтаровтың «Абайдың жұмбағы» кітабын оқуды ұсынған болатын. Аталған шығарма бойынша «Хабар» телеарнасының таңғы эфирінде арнайы викторина ұйымдастырылды. Сайыс барысында қойылған сұрақтарға көрермендер тарапынан нақты жауаптар берілмегендіктен, бас жүлде – соңғы үлгідегі iPhone смартфоны өз иесін таппады.
Келесі жұма күні сағат 07:00-09:00 аралығында «Хабар» телеарнасының таңғы эфирінде Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі негізінде кезекті әдеби викторина өтеді. Сұрақтарға мүдірмей, дұрыс жауап берген телекөрерменге бағалы сыйлық табыс етіледі.
Жобаның негізгі миссиясы — бұқараның, әсіресе жастардың кітапқа деген сүйіспеншілігін ояту, оқырман белсенділігін ынталандыру және аймақтардың мәдени-ағартушылық кеңістігін жаңа деңгейге көтеру.