
Облыс әкімі Асхат Шахаров жол жобаларының жүзеге асырылу барысымен танысты.
Жұмыс сапары кезінде қазіргі таңда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Пацаев және Маресьев көшелері қаралды. Жоба аясында «Көквест» агрофирмасы ЖШС жалпы ұзындығы 18,6 шақырымды құрайтын учаскелерде, соның ішінде Әбілқайыр хан даңғылы мен Едіге батыр даңғылында жол жамылғысын жаңартады. Қазіргі уақытта нысандарда жол негізін дайындау және асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа 4,9 млрд теңге қарастырылған.
Асхат Шахаров мердігер ұйым өкілдерімен әңгіме барысында жол жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде сапа мен мерзімнің сақталуына аса көңіл бөлу қажет екенін атап өтті. Өйткені жолдардың жағдайы қала тұрғындарының жайлылығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.
Одан кейін облыс әкімі 12-шағынаудандағы Алмас Қылыш және Біржан сал көшелеріндегі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Бұл учаскелерді қалалық жолдарды орташа жөндеу бағдарламасы аясында «Astana Energy Hub» ЖШС жүзеге асыруда. Жұмыстарға 1,8 млрд теңге бөлінген. Мердігер ұйым Кіші Бөкенбай батыр, Алаш, Алмас Қылыш және Кошевой көшелеріндегі жол жамылғысын жаңартады. Жөнделетін учаскелердің жалпы ұзындығы 7,7 шақырым.
Сондай-ақ өңір басшысы «Сарайшық» тұрғын алабында орналасқан Хақназар хан көшесіндегі жол жөндеу жұмыстарын көрді. Мұнда жұмыстарды «Көквест» агрофирмасы ЖШС жүргізуде. Жобаның құны 3,5 млрд теңге. Жобаға Хромтау тасжолы, М. Бөкенбаев, Биекенов, Жайық көшелері және №55 мектеп маңындағы жол енгізілген. Жалпы ұзындығы — 16,2 шақырым.
Қала әкімі Азамат Бекеттің айтуынша, биыл Ақтөбеде 2025 жылдан өтпелі 24 жол жобасын іске асыру жалғасуда. Бұл мақсатқа 37,6 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар қаланың 18 көшесін қамтитын орташа жөндеудің үш жаңа жобасы әзірленді. Олардың жалпы құны 15,9 млрд теңгені құрайды.
Жаңа жобалар аясында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына апаратын жол, Орск тасжолы, Тургенев, Нариманов көшелерін және қаланың басқа да проблемалық учаскелерін жөндеу жоспарланып отыр.
«Бүгінде қалада бірден бірнеше ірі жол жобасы жүзеге асырылуда. Ең бастысы — жұмыстардың сапасы мен мерзімінде орындалуы. Барлық мердігер ұйымдар жауапкершілікпен жұмыс істеуі тиіс, өйткені тұрғындар бұл жолдарды күн сайын пайдаланады. Жөндеу жұмыстары көлік қозғалысын жақсартып, қала ішінде қатынауды ыңғайлы әрі қауіпсіз етуі үшін тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын ескеру қажет», — деп атап өтті облыс әкімі.