
Ақтөбе облысының Темір ауданында 2026 жылы құрылыс, инфрақұрылым және әлеуметтік нысандарды жаңғырту бағытындағы ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.
Темір ауданының әкімі Алмас Жақсылықовтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау және облыс әкімінің бақылауымен өңірде халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты жұмыстар қолға алынған.
Инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бағытында Шұбарқұдық кентіндегі Теріскей, Қазақауыл, Аққұдық аймақтарының тұрғындарын ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында су құбыры желілерін қайта жаңғырту жобасы іске асырылуда. Жоба аясында ұзындығы 16,6 шақырым су желісі тартылып, 160 текше метрлік су мұнарасы мен 2000 текше метрлік су резервуары салынады. Қазіргі таңда 6,5 шақырым желі қазылып, 6 шақырымы төселді. Сонымен қатар, екінші су сорғы станциясында су резервуары мен су мұнарасының негізін дайындау және бетондау жұмыстары жүргізілуде.
Жол инфрақұрылымын дамыту бағытында Шұбарқұдық кентіндегі Теріскей көшесіне автомобиль жолын салу жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Мердігер мекеме – «Damu Master» ЖШС. Ұзындығы 1,3 шақырымды қамтиды. Қазіргі уақытта жолдың негізі дайындалып, инженерлік желілер ауыстырылған. Ал 2026 жылы асфальт төсеу жұмыстары жүргізіледі.
Сонымен қатар, Шұбарқұдық кентіндегі бірнеше көшеде жол сапасын арттыру мақсатында қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Нефтебаза, Аққұдық, Мектеп, Шиелі, Балмұхамбетов, Жастар, Депо, Кеңесту, Абай және Қызылжар көшелері қамтылған. Жалпы жұмыстардың ұзындығы 8,6 шақырымды құрайды.
2026 жылы Темір қаласында Абай, А. Такенов және Ә. Молдағұлова көшелеріне автомобиль жолын салу жобасы жүзеге асырылады. Ұзындығы 2,486 шақырым болатын жол бойында жаяу жүргіншілер жолы салынып, 75 көше жарығы орнатылады. Қазіргі таңда дайындық және геодезиялық жұмыстар басталған.
Ауылдық елдімекендерде де жол құрылысы жалғасуда. Тасқопа ауылындағы Ащыойыл және Астана көшелеріне автомобиль жолын салу жобасының ұзындығы 3,456 шақырымды құрайды. Аталған жоба аясында 3,5 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынып, әкімдік пен мектепке автотұрақтар қарастырылған.
Тұрғын үймен қамту бағытында 2025 жылы аудан бойынша 33 коммуналдық тұрғын үй сатып алынды. Оның 25-і әлеуметтік осал топтар мен көпбалалы отбасыларға табысталды. Қалған 8 тұрғын үй бойынша «Отбасы банк» АҚ арқылы иелерін анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Темір ауданында әлеуметтік маңызы зор нысандардың бірі – 130 орындық «Ainala» оңалту орталығы. Орталық менталды және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға қызмет көрсетеді. Қазіргі уақытта инженерлік жүйелер толық аяқталып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Шұбарқұдық кентінде 250 орынға арналған жабық жүзу бассейнінің құрылысы толық аяқталды. Қазіргі таңда нысанның құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
2026 жылдың басында жаңа Жастар орталығы пайдалануға берілді. Орталықта медиа студия, концерт залы, коворкинг орталығы және салтанат залы қарастырылған. Енді жас отбасылар неке куәліктерін салтанатты жағдайда табыстау мүмкіндігіне ие.
Аудан әкімінің сөзінше, жүзеге асырылып жатқан бұл жобалардың барлығы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруге бағытталған.