Ақтөбе облысында ішкі туризмге деген қызығушылық жыл сайын артып келеді

Ақтөбе облысында ішкі туризмге деген қызығушылық жыл сайын артып келеді

Жыл сайын өңірдің табиғи және киелі нысандарына келетін туристер легі көбейіп, жаңа бағыттар мен туристік инфрақұрылым дамуда.

Бұл мәселе облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.

Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетовтің айтуынша, өңірдің туристік картасына сәйкес, өңірде жалпы 54 туристік нысан, 22 табиғи аумақ, 3 санаторий-профилактикалық орталық, 21 киелі туристік аймақ және 8 ерекше қорғалатын табиғи аумақтар орналасқан. 9 бағыт бойынша туристік маршрут пен 6 лицензияланған туроператор жұмыс істейді.

Ең танымал бағыттардың қатарында Байғанин ауданындағы Ақтолағай борлы таулары, Қобда ауданындағы «Абат-Байтақ» мемориалдық кешені, Қарғалы ауданындағы «Қасқыр сарқырамасы» және «Бөктерде» этно-туристік кешені бар. Былтырғы жылдың сәуір айында ашылған соңғы нысанға осы уақытқа дейін шамамен 40 мыңнан астам адам келген.

Басқарма деректеріне сәйкес, Қасқыр сарқырамасына келушілер саны да тұрақты өсім көрсетуде: 2024 жылы 12 мың адам келсе, 2026 жылы бұл көрсеткіш 25 мыңға жеткен. Осыған байланысты сарқыраманың туристік маусымын су ағынын реттеу арқылы ұзарту жобасы қарастырылуда.

Сонымен қатар өңірде туристік бағыттарға апаратын көлік инфрақұрылымын дамыту жалғасуда. Жыл басында Темір ауданындағы «Досжан ишан» мемориалдық кешеніне апаратын жолдың құрылысы аяқталды, сондай-ақ «Абат-Байтақ» кесенесі мен Қасқыр сарқырамасына баратын кіреберіс жолдарды салу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Алыс жатқан аудандардың көлік қолжетімділігін жақсарту мәселесі де қарастырылуда. Атап айтқанда, Шалқар мен Ырғыздағы аэродромдарға зерттеу жүргізіліп, оларды қалпына келтіру мүмкіндігі талқылануда. Бұл болашақта ауданаралық әуе рейстерін іске қосу және туристік нысандарға қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Аймақта қонақүй бизнесі саласында да ірі инвестициялық жобалар - Ibis Aktobe қонақүйін кеңейту жұмыстары жалғасуда және Holiday Inn кешені салынып жатыр, сондай-ақ Sofitel қонақүйін салу жоспарда.

Облыстың туристік тартымдылығын арттыру үшін Асхат Шахаров өңір туралы белсенді насихаттау жұмыстарын күшейтуді, сонымен бірге бұрын жұмыс істеген туристік маршруттарды қайта жандандыруды тапсырды.

«Бүгінде туризм саласын дамыту жүйелі тәсілді талап етеді. Ішкі маршруттардың әлеуетін белсендірек пайдаланып, бұрын тиімді болған бағыттарды қайта іске қосуымыз қажет. Сонымен қатар өңірдің туристік нысандарын әлеуметтік желілерде насихаттауға және жергілікті кәсіпкерлермен жұмысты күшейтуге ерекше көңіл бөлу керек. Сондай-ақ көршілес өңірлерден турист тарту бойынша маркетингтік жұмысты арттыру маңызды», – деді Асхат Шахаров.