Ақтөбеде теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстары жалғасуда

Ақтөбеде теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстары жалғасуда

 

Жоба вокзал ғимараты мен оған іргелес аумақты кешенді түрде жаңғыртуды көздейді. Реконструкция аясында ғимараттың қасбеті, инженерлік желілері жаңартылып, жалпы зал мен әкімшілік бөлмелерге күрделі жөндеу жүргізілуде.

Дизайн-жобаға сәйкес, басты залда жаңа эскалаторлар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған панорамалық лифт орнатылады. Сонымен қатар касса аймақтары толық жаңартылып, заманауи коворкинг орталығы мен балалар ойын алаңы жабдықталады. Күту залы да айтарлықтай өзгеріп, жолаушылар үшін барынша жайлы болады.

Санитарлық жағдайларға ерекше назар аударылған. Бұған дейін жертөледе орналасқан қоғамдық дәретхана желдету жүйесінің болмауы және жағымсыз иістің жиналуына байланысты тұрғындардың шағымын тудырған еді. Қайта жаңғырту барысында мұнда желдету және кондиционерлеу жүйесі толық жаңартылып, санитарлық тораптар жөнделді, сондай-ақ ерлер және әйелдер бөлімдерінде жаңа душ кабиналары орнатылды.

Вокзалды жаңғырту аясында заманауи тексеру жабдықтары мен бет-әлпетті тану функциясы бар камералар орнатылады. Бейнебақылау жүйесі толық жаңартылып, нысандағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Жоба перронды реконструкциялауды да қамтиды. Мұнда асфальт-бетон жабыны ауыстырылып, аумақ абаттандырылып, айналасы көгалдандырылады.

Мердігер ұйым өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда барлық құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген кесте мен жоба жоспарына сәйкес жүргізілуде.

Құрылыс жұмыстарының барысын жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр тексеріп шықты.