2026 жылы мемлекет меншігіне жалпы аумағы 94 мың гектарды құрайтын 62 жер учаскесі қайтарылды

2026 жылы мемлекет меншігіне жалпы аумағы 94 мың гектарды құрайтын 62 жер учаскесі қайтарылды

 

Ақтөбе облысында жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.

Жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы Ислам Избаскановтың айтуынша, өңірде жыл сайын ауыл шаруашылығы жерлеріне, коммерциялық құрылысқа арналған учаскелерге, сондай-ақ жерді өз бетінше иелену және нысаналы мақсатына сай пайдаланбау фактілеріне тексерулер жүргізіледі.

Биыл 149,2 мың гектар аумақта 120 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде жалпы аумағы 94 мың гектарды құрайтын 62 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Учаскелер кезең-кезеңімен ауыл шаруашылығы айналымына енгізіліп, жұмыс істеуге қауқарлы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне беріледі. Бұл өңірдің жер қорын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, тексеру нәтижелері бойынша 92 субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 3,6 млн теңгені құрады.

«Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдаланбағаны үшін жер салығының 40 еселенген мөлшеріндегі жоғары салық режимі қолданылады. Бұл – жерді тиімсіз пайдаланушыларға ықпал етудің қосымша тетігі. Осылайша, департамент анықтаған бұзушылықтар бойынша өткен жылдары жалпы аумағы 684,712 мың гектарды құрайтын 588 пайдаланылмай жатқан жер учаскесіне жер салығының жоғары мөлшерлемесі қолданылды. Қайта есептеу нәтижесінде жер пайдаланушыларға қосымша 91 086 мың теңге есептелді, аталған қаражаттың бюджетке түсуі күтілуде», – деп түсіндірді Ислам Избасканов.

Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі Асхат Шахаров жердің өңір дамуының негізгі ресурсы екенін атап өтіп, оны тиімді, ұтымды әрі әділ пайдалану қажеттігін айтты. Ол жерлердің нысаналы пайдаланылуына тұрақты мониторинг жүргізуді, пайдаланылмай жатқан учаскелерді қайтару жұмысын күшейтуді, сондай-ақ оларды ашық конкурстар арқылы бөлудің ашықтығын арттыруды тапсырды.

Жер заңнамасын бұзушылықтарды анықтау, алдын алу және жою жұмыстары жүйелі негізде жалғасуда.