Ақтөбе облысында көктемгі дала жұмыстары басталғалы 27,5 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылдары егілді

Ақтөбе облысында көктемгі дала жұмыстары басталғалы 27,5 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылдары егілді

 

Өңірдегі егіс науқанының барысы облыс әкімі Асхат Шахаров төрағалық еткен аппарат мәжілісінде қаралды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жүсібәлиев көктемгі дала жұмыстары сәуір айының ортасында басталғанын айтты. Биыл облыста дәнді, майлы, мал азықтық, көкөніс-бақша дақылдары мен картопты қоса алғанда, ауыл шаруашылығы дақылдарын 865 мың гектар жерге егу жоспарланған. Қазіргі таңда 27,5 мың гектар жерге егін себілді.

395 мың гектар алқапта ылғал жабу жұмыстары жүргізіліп, 42 мың гектар жерде топырақ егіс алдындағы өңдеуден өтті. Сондай-ақ 24 мың тонна тұқымды дәрімен өңдеді.

Көктемгі егіс жұмыстарына 49 мың тонна тұқым дайындалды. Оның 99%-ы кондициялық деп танылса, соның 67%-ы бірінші сыныпқа жатады.

«Тұқым шаруашылығын дамыту мақсатында облыстың бірқатар ауданда тұқым шаруашылықтары құрылып, дамытылуда. Қазіргі таңда Әйтеке би ауданындағы «Құмқұдық» ЖШС элиталық тұқым шаруашылығы мәртебесін алды. Ал Қарғалы ауданындағы «ДиЛэнд» ЖШС тиісті рәсімдеу жұмыстарынан өтуде. Мәртөк және Хромтау аудандарында мұндай шаруашылықтарды құру жұмыстары жалғасып жатыр», – деді Асқар Жүсібалиев.

Жиында минералды тыңайтқыштар, жанар-жағармай материалдары және ауыл шаруашылығы техникаларымен қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударылды. Көктемгі дала жұмыстарына 7,9 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, 1,5 мыңнан астам трактор мен шамамен 1,4 мың сепкіш жұмылдырылған. Машина-трактор паркін жаңарту жалғасуда. Жыл басынан бері жалпы құны 5,3 млрд теңгеге 245 техника сатып алынған.

«Кең дала-2» мемлекеттік бағдарламасы аясында егіс науқанын қаржыландыру жылдық 5% мөлшерлемемен жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта 61 шаруашылыққа жалпы сомасы 7,6 млрд теңге көлемінде несие мақұлданған.

Облыс әкімі Асхат Шахаров егіс науқанының барысын тұрақты бақылауда ұстауды, күнделікті мониторингті күшейтуді, туындайтын мәселелерді дер кезінде шешуді және жоспарланған көрсеткіштердің белгіленген мерзімде толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Көктемгі дала жұмыстары – аграрлық өндірістің негізгі кезеңі. Ол өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі мен болашақ өнім көлеміне тікелей әсер етеді. Әсіресе егіс алқаптарын әртараптандыруға және майлы, бұршақты секілді жоғары табысты дақылдардың үлесін арттыруға аса көңіл бөлінуі қажет. Осыған байланысты егіс құрылымына жүйелі тәсіл қалыптастырып, ауыл шаруашылығы өндірісінің экономикалық тиімділігін арттыру керек. Сонымен қатар заманауи агротехнологияларды енгізіп, әр гектардың өнімділігін арттыру бағытындағы жұмысты күшейту маңызды», – деді өңір басшысы.