
Ақтөбеде қалалық ортаны жаңғырту мен тұрғындарға қолайлы қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жыл сайын қарқын алып келеді. Биыл облыс орталығында 26 қоғамдық кеңістік жаңартылып, жаңа демалыс аймақтары пайдалануға беріледі. Заманауи қоғамдық кеңістіктер адамдардың бос уақытын тиімді өткізуіне, балалардың қауіпсіз ойнауына, жастардың белсенді демалуына және қала тұрғындарының экологиялық таза ортада уақыт өткізуіне мүмкіндік береді.
Жобалар демеушілердің қолдауымен салынып жатыр. Жергілікті кәсіпкерлер әлеуметтік жауапкершілігін көрсетіп, туған қаласының дамуына үлес қосуда.
Биыл жаңғыртылатын нысандар қатарында Мәңгілік Ел көшесінің бойындағы аллея, гуманитарлық колледж алдындағы сквер, Ретро-парк, Бөгенбай батыр көшесіндегі бұрынғы автотұрақ аумағы және басқа да демалыс орындары бар. Жаңа қоғамдық кеңістіктер Тұрғындар қалашығында, қаланың ескі бөлігінде және түрлі шағын аудандарда пайда болады. Бұрын бос жатқан немесе қараусыз қалған аумақтар кезең-кезеңімен заман талабына сай демалыс орындарына айналдырылып жатыр.
Соның бірі – Есет батыр көшесіндегі Ақтөбе жоғары гуманитарлық колледжі маңындағы аллея. Жалпы аумағы жарты гектар болатын нысанда бүгінде субұрқақты демонтаждау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар автоматты суару жүйесін орнату, жарық шамдарын қою, құнарлы топырақ төсеу және көпжылдық гүлдер мен ағаштар отырғызу жоспарланған. Мұнда жаңа орындықтар мен қоқыс жәшіктері де қойылады. Аталған жобаны «Рамазан-Құс» ЖШС қаржыландырып отыр. Жұмыстар мамыр айының соңына дейін аяқталып, аллеяны 1 маусым – Балаларды қорғау күні қарсаңында ашу көзделген.
Айта кетейік, соңғы бірнеше жылда кәсіпкерлер саябақтарды, скверлер мен аллеяларды абаттандыру жұмыстарына белсенді түрде қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, өткен жылы облыс орталығында 15 қоғамдық кеңістік ретке келтірілді.
Абаттандыру жұмыстары «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында жүзеге асырылуда. Бастаманың негізгі мақсаты – елді мекендердің экологиялық жағдайын жақсартып, тұрғындарға қолайлы әрі заманауи қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру.