Ақтөбе облысында «Әлімбет» шекара өткізу бекеті жаңғыртылып жатыр

Ақтөбе облысында «Әлімбет» шекара өткізу бекеті жаңғыртылып жатыр

 

Ақтөбе облысы мен Ресей Федерациясы шекарасындағы «Әлімбет» шекара бақылау-өткізу пункті күрделі жаңғыртудан өтіп жатыр. Құрылыс жұмыстары бекеттің қызметін тоқтатпай жүргізілуде.

Жоба аясында әкімшілік ғимарат, инспекциялық тексеру кешендері, тереңдетілген бақылау ангары және қызметтік иттерге арналған арнайы панажай салынып жатыр. Қазіргі уақытта нысандағы негізгі жұмыстардың басым бөлігі аяқталған. Су құбырын тарту жұмыстары да соңғы кезеңге жеткен.

Мердігерлердің айтуынша, қажетті металл конструкциялары Ақтөбе қаласындағы зауытта дайындалып, құрылыс алаңына кезең-кезеңімен жеткізілуде. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы облыстық филиалы директорының орынбасары Құрманғазы Исмайловтың сөзінше, бекет уақытша өткізу пункті арқылы жұмысын жалғастырып отыр. Бұрынғы ескі ғимараттар толықтай сүріліп, бүгінге дейін 151 мың шаршы метр аумақта жер жұмыстары атқарылған.

Жауаптылар жаңғырту жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталатынын айтады. Жоба іске қосылғаннан кейін шекарадағы көлік өткізу қабілеті артып, бақылау жүйесі заманауи форматқа көшпек.