Ақтөбе облысында халықаралық көлік дәлізін қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда

Ақтөбе облысында халықаралық көлік дәлізін қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда

 

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Хромтауға жұмыс сапары барысында халықаралық «Самара – Шымкент» көлік дәлізінің құрамына енетін «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» республикалық автожолының қайта жаңарту жұмыстарын бағамдады.

Өңір басшысына «Ақтөбе – Хромтау» бағытындағы 791–819 шақырым аралығындағы жоба жұмыстарының барысы Ақтөбктаныстырылды. Нысанның мердігері – «СП Сине Мидас Строй» ЖШС.

Компания өкілдерінің мәліметінше, былтыр қайта жаңартудың бірінші кезеңі аяқталғаннан кейін жол учаскесі техникалық режимде пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта жолдың қарсы бағытында төменгі асфальт қабатын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 28 шақырымның 17 шақырымында жұмыстар аяқталған. Бұл кезеңді жаз мезгілінде бітіру жоспарланып отыр.

Нысанда жер жұмыстары мен су өткізу құбырларын орнату жалғасуда. Сонымен қатар тосқауыл және қардан қорғайтын қоршаулар мен су бұру науаларын орнату көзделген. Мал өткелдерінің құрылысы аяқталып, екі көпір мен екі жолайрықтағы негізгі жұмыстар біткен. Қазіргі таңда ол көлік қозғалысы ашылды.

Мердігер ұйымның мәліметінше, құрылыс алаңында 349 арнайы техника мен 436 жұмысшы жұмылдырылған. Қиыршық тас, битум және темірбетон бұйымдарының қоры жеткілікті.

Жалпы ұзындығы 262 шақырымды құрайтын «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автожолын қайта жаңарту жобасы жеті учаскеге бөлінген және 2024–2028 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Биыл Ырғыз бағытына қарай орналасқан жол бөлігінде де жұмыстар басталмақ.

Асхат Шахаров жобаның өңір үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтіп, мердігер ұйымдарға құрылыс қарқынын күшейтуді, сонымен қатар жұмыстардың сапасына баса назар аударуды тапсырды.

«Облыс тұрғындары заманауи әрі қауіпсіз жолдың ашылуын күтіп отыр. Бұл жоба жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, көлік қатынасын жақсартады және тұрғындар мен транзиттік көліктер үшін қолайлы жағдай жасайды. Жобаны жүзеге асыруға қажетті барлық ресурс жеткілікті. Сондықтан өндірістік процесті тиімді ұйымдастырып, жұмыстың жоғары сапасын қамтамасыз ету маңызды», – деді өңір басшысы.