
Әйтеке би ауданында 2026 жылы құрылыс пен инфрақұрылымды дамыту бағытындағы бірқатар ірі жобалар кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Бұл туралы аудан әкімі Дәулетияр Тоғызбаев мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында және облыс әкімі Асхат Шахаровтың қадағалауымен аудан тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар биыл да жалғасуда.
2025 жылы қарқын алған елді мекендерді газдандыру жұмыстары биыл да жалғасын тауып, белсенді жүргізілуде. Қазіргі таңда Тұмабұлақ, Жабасақ және Ақтасты ауылдық округтері орталықтарына газ жеткізу және ауылішілік құбыр тарту жұмыстары қолға алынған. Жобаларды іске асыру ауыл тұрғындарын табиғи газбен қамту деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.
Жол инфрақұрылымын жаңғырту бағытында да маңызды жобалар жүзеге асуда. Құмқұдық–Жабасақ аудандық маңыздағы автожолының 47–60 шақырым аралығы жөнделіп жатыр. Сонымен қатар Сарат–Тұмабұлақ жолының 72–84 және 84–95 шақырым учаскелерінде жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Ұзақ уақыт бойы тұрғындар көтеріп келген Т.Жүргенов–Сарат бағытындағы жолдың 12–24 және 24–26 шақырым бөліктерін күрделі жөндеу басталды. Аудан орталығындағы 11 көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстары атқарылып, Бахадүр көшесіне асфальт жабындысы салынуда. Сондай-ақ Әйке ауылындағы елді мекеннің екі бөлігін байланыстыратын көпір құрылысы аяқталу кезеңіне жетті.
Әлеуметтік нысандар құрылысы мен жаңғырту жұмыстары да бақылауда. Аудан орталығындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жанданып, нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Мағжан Жұмабаев атындағы жалпы білім беретін мектепте күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нысанды жаңа оқу жылы басталғанға дейін толық аяқтау көзделген.
Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауданда 6 өрт сөндіру бекетінің құрылысы жоспарланған. Қазіргі уақытта оның үшеуінде құрылыс жұмыстары басталып кетті.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аудан көлемінде санитарлық тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Елді мекендерде тұрғындарға арналған демалыс орындары, скверлер, балалар және спорт алаңдары салынуда.
Аудан әкімдігі барлық жобаның сапалы әрі уақытылы орындалуын тұрақты бақылауда ұстап отыр.