Ақтөбеде Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік кеш өтті

Ақтөбеде Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік кеш өтті

 

Ақтөбедегі Өнер орталығында өткен Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты шара эстрадалық үрлемелі оркестрдің орындауындағы прологпен басталып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы салтанатты түрде енгізілді. Бұдан кейін Мемлекеттік Гимн шырқалды.

Шараның ресми бөлігінде облыс әкімі Асхат Шахаров жиналған қауымды мерекемен құттықтап, Отан қорғаушылардың ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөліне тоқталды.

«Бүгін – ардагерлерімізге құрмет көрсетіп, ел тыныштығы мен тәуелсіздігін күзеткен сарбаздарымызды дәріптейтін ерекше күн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, әскер – мемлекеттің айбыны, елдің қорғаны. Қуатты армия – Тәуелсіздіктің берік тірегі. Ел қауіпсіздігінің кепілі болып жүрген еңбектеріңіз қашанда зор құрметке лайық. Есет бабамыз өсиет еткендей «Ердің туы – намыс», ел қорғауда намыстарыңыз әрдайым биік тұрып, еш уақытта құламасын!», – деді өңір басшысы.

Асхат Шахаров бейбіт өмірдің негізі – бірлік пен тұрақтылық екенін тілге тиек етіп, барша азаматты ел тыныштығын сақтауға ортақ жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Концерттік бағдарлама аясында өңірдің танымал өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Патриоттық әндер мен ұлттық билер көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Шараның шарықтау шегі ретінде өнерпаздардың орындауындағы «Рух» әні шырқалып, мерекелік кеш қорытындыланды.

Мерекелік кештің қонақтары ретінде құқыққорғау органдары, Т.Бигелдинов атындағы Әуы қорғанысы күштері институты, Ұлттық ұлан және т.б әскери құрылым өкілдері шақырылған.