
7 мамыр - Отан қорғаушылар күні қарсаңында Ақтөбеде генерал-лейтенант Жансен Кереевтің ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.
Гүл қою рәсіміне облыс әкімі Асхат Шахаров, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, әскери қызмет және еңбек ардагерлері, сондай-ақ екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының курсанттары және В.Пацаев атындағы Жас ұшқыштар мектебінің оқушылары қатысты.
Жиналғандар көрнекті қолбасшының рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін дамытуға қосқан үлесі үшін құрмет пен ризашылық белгісі ретінде ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Жансен Кереев – Ақтөбе облысының тумасы, қазақтың тұңғыш генерал-лейтенанты. Қызмет жылдары ішінде жауапты қолбасшылық лауазымдарды атқарып, жоғары кәсібилік, әскери борышқа және Отан қорғау ісіне адалдық танытты.