
Бүгін Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында «Бес асыл» республикалық ұлттық өнер сайысы аясында қазақтың көрнекті ақыны, сазгері, драматургі Бәкір Тәжібаевтың 100 жылдығына арналған Ақтөбе және Қостанай облыстары арасындағы командалық айтыс жоғары деңгейде өтті.
Айтыс барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерейтойға арналған құттықтауы оқылды. Мемлекет басшысының лебізін көпшілікке облыс әкімі Асхат Шахаров жеткізді.
Құттықтау хатта Бәкір Тәжібаевтың ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі, оның шығармаларының халық жадында сақталып, бүгінгі күнге дейін кеңінен орындалып келе жатқаны атап өтілген.
Ауқымды мәдени шара ұлттық өнердің бес бағытын – айтыс, жыр, терме, дәстүрлі ән және күй жанрларын бір сахнада тоғыстырып, көрерменге мазмұнды әрі әсерлі рухани кеш сыйлады. Жоба дәстүрлі өнердің жаңғыруына серпін беріп, өңіраралық мәдени байланысты нығайтуға бағытталғанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Сайысқа екі өңірдің таңдаулы өнерпаздары қатысты. Командалар құрамында 5 айтыскер ақын, 1 жыршы, 1 термеші, 1 дәстүрлі әнші және 1 күйші өнер көрсетті. Ақындар сүре, қайым, түре және қыз бен жігіт айтысы бойынша өзара бақ сынасып, сөз сайысының көркемдік деңгейін биікке көтерді.
Қостанай облысы командасын халықаралық және республикалық айтыстардың жеңімпазы, «Алтын домбыра» және «Алтын қамшы» иегері Айбек Қалиев бастап келсе, Ақтөбе облысының командасына белгілі айтыскер ақын Марат Ахметов жетекшілік етті. Екі команда да жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Айтып өтерлігі, қатысушылардың ең жасы 14-те, ол ақтөбелік ақын Мұрат Ақарыс, ең үлкені - 81 жастағы қостанайлық термеші Нағашыбай Алпыс болды.
Командалық айтыс нәтижесінде үздік өнер көрсеткен, 160 ұпайды еншілеген «Ақтөбе» командасы республикалық сайыстың келесі кезеңіне жолдама алды. «Қостанай» командасы 157 ұпайды місе тұтты.
Жыр додасы Ақтөбе облысы әкімдігі, «AMANAT» партиясы және Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағымен бірлесе ұйымдастырылды. Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Әлтай жүргізді. Ал қазылар алқасын халықаралық жыршы, термеші және айтыс ақындары одағының төрағасы Жүрсін Ерман бастап келді.