Қарғалы ауданында инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандар жаңаруда

Қарғалы ауданында инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандар жаңаруда

 

Қарғалы ауданында әлеуметтік нысандардан бастап жол және су шаруашылығына дейінгі бірқатар маңызды жобалар қатар іске асырылып жатыр. Бұл туралы аудан әкімі Нұрлыбек Өнербаев мәлімдеді.

Президент тапсырмалары аясында және облыс әкімдігінің қадағалауымен аймақта биыл әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған маңызды бастамалар қолға алынған.

Атап айтқанда, Бадамша ауылында қолданыстағы емханаға қосымша ғимарат салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың маусымында басталған. Жоба медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Әлімбет ауылында модульдік оқу-жаттығу базасының құрылысы жалғасуда. Жаңа нысан жастардың дене дайындығын шыңдауға және әскери-патриоттық тәрбиені дамытуға бағытталған.

Ішкі туризмді дамыту мақсатында Қарғалы су қоймасына апаратын жол салынуда. Жоба биыл аяқталады деп жоспарланған.

Бұдан бөлек, Бадамша ауылында бірнеше көшеде жол құрылысы жүргізілуде. Ж.Аймауытов, Ғ.Мүсірепов және Жеңіс көшелеріндегі негізгі жұмыстар өткен жылы аяқталған, қазіргі таңда асфальт төсеу кезеңі жүріп жатыр.

Көктемгі су тасқынының алдын алу үшін Қарғалы өзенінде бөгет салу және Құндызды өзенінің арнасын өзгерту жобалары да іске асырылуда.

Аудан әкімінің айтуынша, барлық жобалар өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға және ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге бағытталған.