
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Ақтөбе қаласында кең ауқымды мерекелік мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – ел ішіндегі татулық пен келісімді нығайту, қоғамдық бірлік пен ортақ құндылықтарды дәріптеу.
Мерекелік бағдарлама Қазақстан халқының бірлігі күнінің тарихи мәнін, ел дамуының сабақтастығын және тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін айшықтайтын заманауи бейнеролик көрсетілімінен басталды. Қойылым «Шаттық отаны» әуенімен әрленген әсерлі би композициясымен ашылып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Іс-шара барысында «Таза Қазақстан» тұжырымдамасымен үндес «Жасыл ел» және «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» атты хореографиялық қойылымдар ұсынылып, табиғатқа жанашырлық пен ортақ Отанға деген сүйіспеншілік идеялары көркем бейнеленді.
Салтанатты бөлімде жүргізушілер жиналған қауымды мерекемен құттықтап, ел бірлігінің маңызына ерекше тоқталды.
Салтанатты жиында Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров тұрғындар мен қала қонақтарын мерекемен құттықтады. Бірлік пен ынтымақ ел дамуының басты тірегі екенін атап өткен өңір басшысы барша қауымға амандық пен береке тіледі.
«Еліміз үшін бұл күннің орны ерек, мереке – бірліктің бесігіндей, татулықтың тұғырындай. Бірлігіміз бекем болса, алар асуымыз көп, бағындырар белесіміз биік. Бірлік пен өзара құрметтің арқасында ғана біз болашаққа сеніммен қарап, қуатты мемлекет құра аламыз», – деді өңір басшысы.
Бағдарлама аясында өңірдің танымал өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті. Атап айтқанда, «Сұңқар» және «Мұрагер» вокалдық ансамбльдері, «Әлия гүлі» би ансамблі, «Серпін» фольклорлық ұжымы және басқа да өнер иелері сахна төрінде өнерлерін паш етті. Мерекенің қонағы эстрада әншісі Қуандық Рахым болды, ол өз өнерімен ақтөбеліктерді қуантты. Көрермендер назарына сондай-ақ патриоттық әндер, ретро-попурри, ұлттық билер және заманауи композициялар ұсынылды.
Кеш соңы «Бірлікте - біздің күш» атты финалдық композициямен түйінделіп, Қазақстан халқының ынтымағы мен достығын тағы бір мәрте айшықтады.
Қазақстан халқының бірлігі күні – түрлі этнос өкілдерін ортақ мақсатқа ұйыстырып, өзара құрмет пен сенімді нығайтатын маңызды мереке. Ақтөбедегі мерекелік шара осы құндылықтарды кеңінен насихаттап, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше рухани серпіліс сыйлады.