Қобда ауданында құрылыс пен инфрақұрылым бағытындағы ауқымды жобалар қарқын алды

Қобда ауданында құрылыс пен инфрақұрылым бағытындағы ауқымды жобалар қарқын алды

 

Бұл туралы аудан әкімі Ізгілік Тынымгереев мәлімдейді.

Қобда ауданында Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру және облыс әкімінің қадағалауымен 2026 жылы ауданда бірқатар маңызды бастамалар қолға алынған.

Соның бірі – Әлия ауылында салынып жатқан заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Жалпы аумағы 2035 шаршы метрді құрайтын нысан бір мезгілде 75 адамды қабылдай алады. Жоба іске қосылған соң 8 жаңа жұмыс орны ашылып, ауыл жастары үшін спортпен тұрақты айналысуға кең мүмкіндік тумақ. Кешенді ағымдағы жылдың шілде айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, ауданның туристік әлеуетін арттыру бағытында да нақты жұмыстар жүргізілуде. Талдысай ауылдық округіндегі Абат-Байтақ кесенесіне апаратын 17 шақырымдық кіреберіс жолдың құрылысы жалғасуда. Жобаның аяқталу мерзімі – қазан айы. Бұл өз кезегінде тарихи орындарға қолжетімділікті жақсартып, ішкі туризмнің дамуына тың серпін бермек.

Жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да назардан тыс қалмапты. «Самара–Шымкент–Бестау–Жарсай» бағытындағы аудандық маңызы бар автомобиль жолының 12,7 шақырымы орташа жөндеуден өтуде.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында да ілгерілеу бар екен. Қобда ауылындағы Ыбырай Алтынсарин көшесінде орналасқан төрт екіқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізілуде. Қазіргі уақытта ішкі әрлеу мен инженерлік жүйелерді жаңарту жұмыстары жүзеге асырылып жатыр.

Аудан әкімінің айтуынша, аталған жобалардың барлығы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуын жандандыруға бағытталған.