
Облыс әкімі Асхат Шахаров төрағалығымен өткен аппаратт мәжілісінде балалардың құқықтарын қорғау мәселелері қаралды.
Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Әліби Латып қалада және облыс аудандарында балалардың құқықтарын қорғау жүйесінің сапасын арттыру мақсатында 66 маман жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қызметіне бақылау күшейтілді.
Басқарма мәліметінше, облыста 762 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Оларды асырау және қамқоршылар мен патронаттық тәрбиешілерді қолдау үшін 296 млн теңгеден астам қаржы төленген.
Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссиялардың жұмысына баса назар аударылды. Биылдан бастап олардың құрамына қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, ата-аналар комитеттері және балалардың құқықтарын қорғау саласындағы сарапшылар енгізілді. 2026 жылдың I тоқсанында 97 отырыс өткізіліп, құқықбұзушылықтардың алдын алу және білім беру бағыты бойынша 178 мәселе қаралған.
Әліби Латып білім беру ұйымдарында «111» QR-код жүйесінің жұмысына да тоқталды.
Психологиялық қызмет бағытында 2 аудан және қалада 558 педагог-психолог пен 376 әлеуметтік педагог жұмыс істейді. «JAN AHUAL» психологиялық қолдау орталығы педагогикалық қолдауды қажет ететін оқушыларды анықтап, олармен жүйелі психологиялық-педагогикалық жұмыс жүргізуде.
Басқарма басшысының айтуынша, Ақтөбе облысы бойынша «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы әзірленіп, оған жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын балаларды қолдау, қорғау және әл-ауқатын жақсартуға бағытталған 76 іс-шара енгізілген.
Мәселені талқылау барысында облыс әкімі ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту және балалармен жұмыс барысында формалды тәсілге жол бермеу қажеттігін атап өтті.
«Балалармен жұмыс формалды сипатта болмауы тиіс. Әрбір санның артында баланың тағдыры мен нақты жағдай тұр, оны назардан тыс қалдыруға болмайды. Біз бейжайлыққа немесе жауапкершілікті бір-біріне жүктеуге жол бермеуіміз керек. Барлық қызмет өз рөлін және түпкі нәтижені нақты түсіне отырып, біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеуі тиіс. Әрбір жағдай жай тіркеліп қана қоймай, нақты шешіміне дейін жеткізілуі қажет», — деді Асхат Шахаров.