Ақтөбе облысында 300-ден астам әлеуметтік қызметкер күн сайын жүздеген адамға қолдау көрсетуде

Ақтөбе облысында 300-ден астам әлеуметтік қызметкер күн сайын жүздеген адамға қолдау көрсетуде

 

Ақтөбе облысында көп жағдайда еңбегі көзге көріне бермейтін,  бірақ маңызы зор жандар бар. Бұл – күн сайын жалғызбасты қарттар, мүгедектігі бар азаматтар және ерекше қажеттілігі бар балалардың шаңырағына барып, қолдау көрсететін 300-ден астам әлеуметтік қызметкер.

Олардың жұмысы тек тұрмыстық көмекпен шектелмей, қамқорлық, көңіл бөлу және адамға деген шынайы жанашырлықты қамтиды.

Әлеуметтік қызметкерлер күнделікті өмірге қажет маңызды істерді атқарады, мәселен, азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізеді, үй шаруасына көмектеседі, ас әзірлейді, коммуналдық төлемдерді төлеуге жәрдемдеседі. Қажет болған жағдайда емханаға апарып, дәрігер шақыруға да көмектеседі. Барлық қызмет белгіленген стандарттарға сай көрсетілгенімен, оның түпкі мәні — адамға деген жанашырлық.

Ақтөбе қаласында бұл бағытта тәжірибелі мамандар — Бағдагүл Аетова мен Эльмира Бекеғұлова еңбек етуде. Бүгінде олардың қамқорлығында 20 қызмет алушы бар, әрқайсысына аптасына екі рет барып, қажетті көмектерін көрсетеді.

Қызмет алушылардың айтуынша, уақыт өте келе әлеуметтік қызметкерлерге деген сенім артып, оларды жақын адамындай қабылдай бастайды.

Әсіресе, қарт адамдар үшін мұндай қолдаудың маңызы зор. Себебі тұрмыстық көмектен бөлек, оларға қарапайым ғана нәрселер — жылы сөз, көңіл бөлу, әңгіме қажет. Осындай қарым-қатынас олардың көңіл күйін жақсартып, өмірге деген сенімін нығайтады.

Әлеуметтік қызмет — бұл тек көмек емес. Бұл — қоғамды мейірімді әрі берік ететін адамгершілік құндылық.