
Облыс әкімі Асхат Шахаров Мәртөк ауданына жұмыс сапары барысында Жайсаң ауылына барып, арнайы білім беру ұйымы мен көпсалалы колледждің жұмысымен танысты.
Өңір басшысы Жайсаң арнайы білім беру ұйымындағы тәрбиеленушілерге жасалған жағдайларды көрді. Нысан 150 балаға арналған, қазіргі таңда мұнда психикалық дамуы тежелген 91 бала тәрбиеленіп жатыр.
Әкім балалардың тұру жағдайы және оқу процесінің ұйымдастырылуымен танысты. 2023 жылы мекемеде асхана мен жатақхана ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Бүгінде мекемеде 104 қызметкер жұмыс істейді, олардың қатарында педагогтер, тәрбиешілер және арнайы педагогтер бар.
Одан кейін облыс әкімі 1936 жылы негізі қаланған өңірдегі ең көне оқу орындарының бірі – Жайсаң көпсалалы колледжіне барды. Колледж сегіз сұранысқа ие мамандық бойынша кадрлар даярлайды. Олардың қатарында дәнекерлеу ісі, құрылыс, ауыл шаруашылығы, есеп және аудит, тамақтандыруды ұйымдастыру және тігін өндірісі бар.
Оқу орнында қажетті материалдық-техникалық база, атап айтқанда оқу кабинеттері, шеберханалар, зертханалар, интерактивті жабдықтар және 130 орындық жатақхана бар.
2025 жылы колледжде 261 млн теңгеге күрделі жөндеу жүргізіліп, оның аясында инженерлік желілер, ғимараттың қасбеті, шатыры және ішкі бөлмелері толық жаңартылды.
Асхат Шахаров студенттермен кездесіп, олардың оқу үлгерімі, болашақ жоспарлары және оқу жағдайлары туралы сұрады. Кездесу барысында ол жастарды білімге жауапкершілікпен қарап, кәсіби дағдыларын дамытуға шақырды.
«Сұранысқа ие мамандықты меңгеру – өмірде өз жолыңды сенімді табудың негізі. Бүгінгі еңбек нарығы білікті мамандарды талап етеді. Ал сіздер осы жерде білім ала отырып, өз болашақтарыңызды қалыптастырып жатырсыздар. Қиындықтардан қорықпай, табандылықпен білім алып, таңдаған мамандыққа жауапкершілікпен қарау маңызды. Сонда ғана нағыз кәсіби маман болып, өмірде жетістікке жетуге болады», – деді облыс әкімі жастарға қарата.
Өңір басшысы арнайы және кәсіптік білім беру жүйесін дамытудың маңыздылығын атап өтіп, материалдық-техникалық базаны одан әрі нығайту және еңбек нарығында сұранысқа ие мамандар даярлау сапасын арттыру қажеттігін жеткізді.