
Ақтөбе облысы әкімдігінде өңір активінің кеңейтілген отырысы өтті. Аймақ басшысы Асхат Шахаров төрағалық еткен отырысқа Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай қатысты.
Іс-шара мемлекеттік қызмет жүйесіндегі кадр сапасын арттыру, жас мамандарды тарту және заманауи басқару тәсілдерін енгізу мәселелеріне арналды. Жиынға облыстық мәслихат, құқық қорғау органдары, аумақтық департаменттер мен басқармалар басшылары, сондай-ақ мемлекеттік қызмет ардагерлері шақырылды. Аудан әкімдері онлайн форматта қосылды.
Жиынның басты тақырыбы – өңірде кадрлық резерв жүйесін күшейту және жас мемлекеттік қызметшілерді қолдау тетіктерін кеңейту. Бұл бағытта Президенттік жастар кадр резерві мен өңірлік кадр резервінің рөлі артып, мемлекеттік басқаруға жаңа буын мамандарын тарту жұмыстары жүәйелі түрде жалғасуда.
Өңірде 3822 мемлекеттік қызметші жұмыс істейді.
Дархан Жазықбай өз сөзінде мемлекеттік қызметтің тиімділігі тікелей кадрлардың біліктілігі мен кәсібилігіне байланысты екенін атап өтті. Ол іріктеу жүйесін жетілдіру, меритократия қағидаттарын нығайту және қызметшілердің үздіксіз дамуына жағдай жасау, цифрландыру және жасанды интеллект тетіктерін пайдалану – басты басымдықтардың бірі екенін жеткізді.
«Мемлекеттік қызметке іріктеудің цифрлық жүйесі 94 мемлекеттік органда енгізіліп, бүкіл мемлекеттік аппаратты қамтиды. Нәтижесінде бәсекелестік айтарлықтай артты: орта есеппен бір бос орынға үміткерлердің саны 7 адамды құрап, дәстүрлі әдіспен салыстырған 3,5 есеге өсті. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік қызметке деген сенімнің артқанын көрсетеді», - деп атап өтті Агенттік төрағасы.
Іс-шара барысында мемлекеттік қызмет ардагерлеріне «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісі табысталып, өз ісінде үздік нәтижеге жеткен қызметшілер марапатталды.
«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Ал мемлекеттік қызметті одан әрі дамыту бағытында жүргізіліп жатқан реформалар - еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірін жаңғыртуға, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Мемлекеттік қызметші – еліміздің өсіп-өркендеуінеүлес қосатын, қоғамда адалдық пен әділеттіктің үлгісін көрсететін халықтың айнасы. Жауапкершілігі жоғары салада Өздеріңізге жүктелген міндет пен жоғары сенімді ақтауда бар күш-жігерлеріңіз бен білімдеріңізді сарқып, ел-халыққа адал қызмет ете беруге шақырамын», - деп өңір басшысы жиынды қорытындылады.
Жиын қорытындысында қатысушылар кадрлық әлеуетті күшейтуге бағытталған бастамалар мемлекеттік басқару сапасын арттыруға және өңірдің тұрақты дамуына серпін беретініне сенім білдірді. Сонымен қатар, өңір активі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған мемлекеттік қызметті жаңғырту бағытын қолдайтынын алға тартты.
Жұмыс сапары аясында Агенттік төрағасы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы түлектері, жас мемлекеттік қызметшілер, студенттер және кадр резерві мүшелерімен бірқатар кездесу өткізеді. Кездесулер ашық диалог форматында ұйымдастырылып, жастардың мемлекеттік қызметке қызығушылығын арттыруға бағытталған.