Мәртөк ауданында жаңа өнер мектебі пайдалануға берілді

Мәртөк ауданында жаңа өнер мектебі пайдалануға берілді

 

Жаңа нысанға Қамбар Медетов атындағы өнер мектебінің оқушылары көшіріледі. Өйткені, мәртөктік өнерлі балалар бүгінгі күнге дейін 1942 жылы салынған, уақыт талабына сай келмейтін,  ескі ғимаратта қосымша білім алып келді. 

Мемлекет басшысының ауылдарға жағдай жасау, дарынды жастарды қолдау, олардың қарым-қабілетін ашу, ауыл балаларын жан-жақты демеу туралы тапсырмаларын іске асыру аясында және облыс әкімінің тікелей қадағалауымен Мәртөк ауданының Мәртөк ауылында заманауи жаңа өнер мектебі есігін ашты.

Бүгінде өнер мектебінде 382 оқушы білім алып жатыр.

Өнер ордасында «Актерлік шеберлік», «Бейнелеу өнері», «Графикалық дизайн», «Киім дизайны», «Хореография», «Ән жән хор», «Оркестрлік» және тағы да басқа үйірмелерге арналған оқу кабинеттері, 180 орынға арналған акт залы жаңа жиһаздармен,  заманауи музыкалық аспаптар қамтамасыз етілген. Кітапханадағы кітап қоры толықтырылды. Бұл оқушылардың сапалы білім алуына және шығармашылық қабілеттерін дамытуға кең мүмкіндік береді.

«Төрт жылдан бері «Актерлік шеберлік» үйірмесіне қатысып келемін. Қамбар Медетов атындағы мектеп енді бұрынғысынан үлкен, жаңа, әдемі. Барлық жағдайы жасалған. Бізге керемет мүмкіндіктерге жол ашылып отыр. Ауыл балаларына осындай керемет жағдайлардың жасалып жатқанына өте қуаныштымын және Президентімізге алғысым шексіз», - дейді Көркем Тұрлығұлова.

1600 шаршы метрлік екі қабатты орталық құрылысын «Бабек Құрылыс» ЖШС жүргізді. 

Ғимараттың ашылу салтанатында мектеп басшылығына кілт табысталып, Мәртөк ауданының әкімі Медет Ысқақов, облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева және сала ардагерлері оқушыларға жаңа жетістіктер тіледі, нысан айналасына бірнеше ағаш отырғызды.