
Ақтөбе облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы аясында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және әлеуметтік жауапкершілікті дамытуға бағытталған тазалық шаралары жалғасуда. Бүгін Ақтөбе қаласында кезекті сенбілікпен қатар кең көлемді «Таза аула» акциясы өтті. Игі бастама қала тұрғындарын ортақ іске жұмылдырып, өз аулаларын абаттандыру мен тазалықты сақтауға бағытталды.
Акция барысында тұрғындар бір кісідей жұмылып, сенбілікке белсене қатысты. Тұрғын үйлердің аулаларын қоқыстан тазалап, абаттандырды. Акцияға белсене араласқан Алтын Орда шағын ауданындағы №8Г үйінің МИБ төрағасы Бағдат Табышовтың айтуынша, аталмыш акция ауланың тазалығы коммуналдық қызметтің ғана емес әрбір тұрғынның міндеті екенін айқын көрсетті.
«Бүгінгі акцияға тұрғындар ерекше белсенділік танытты. Аула тазалығы – өзіміз үшін, балаларымыздың болашағы үшін маңызды. Осындай шаралар арқылы тұрғындардың жауапкершілігі артып, ауламыздың көркі кіре түседі», – деді ол.
Сондай-ақ, шараға қатысқан 11 шағын аудандағы «Мекен-5» үй иелерінің жеке меншік кооперативінің төрағасы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында өтіп жатқан бастамалардың маңыздылығына тоқталды.
«Тазалық – бұл бір күндік науқан емес, күнделікті дағдыға айналуы тиіс үрдіс. Тұрғындардың осындай ұйымшылдығы біз үшін үлкен қолдау. Бірігіп атқарған істің нәтижесі де айқын көрінеді», – деді Ерлан Жоламанов.
Айта кетейік, Ақтөбе облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында екі айлық жарияланды. Мамыр айының соңына дейін аумақты санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілетін болады. Екі айлық аясында қаладағы қоқыс полигондары қалдықтарды тегін қабылдайды.