
Қытайдың Ордос қаласында 16–18 сәуір аралығында өтіп жатқан дзюдодан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жарқын нәтиже көрсетті.
Құрлық додасына 19 елден 197 спортшы қатысып жатыр. Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 18 дзюдошы сынға түсуде, олардың бесеуі – Ақтөбе өңірінің өкілдері.
Жарыстың екінші күнінде 81 келіге дейінгі салмақта белдескен Алмат Әділет сенсациялық жеңіске қол жеткізіп, Азия чемпионы атанды.
Финалда қазақстандық татами шебері Тәжікстан спортшысы Сомон Махмадбековті айқын басымдықпен жеңді. Айта кетейік, қарсыласы – 2024 жылғы Париж Олимпиадасының қола жүлдегері.
Бұл – Алмат Әділеттің ересектер арасындағы Азия чемпионаттарындағы алғашқы алтын медалі. Сонымен қатар, Қазақстан құрамасы соңғы рет құрлық біріншілігінің алтынын 2022 жылы жеңіп алған-ды.
Ордостағы дода әлі жалғасуда. Қазақстандық спортшылар алдағы белдесулерде де жүлде үшін күресін жалғастырады.