2026 жылы Ақтөбе облысында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту аясында 540 жұмыссыз азаматты оқыту жоспарлануда

2026 жылы Ақтөбе облысында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту аясында 540 жұмыссыз азаматты оқыту жоспарлануда

 

Еңбек мобильділігі орталығы Қазақстан Республикасының жұмыссыз азаматтары мен қандастарды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін оқуға шақырады. Бағдарлама жаңа дағдыларды меңгеруге, жаңа мамандық алуға және біліктілікті арттыруға мүмкіндік береді.

Оқыту келесі мамандықтар бойынша жүргізіледі: шаштараз, тігінші, кондитер, аспаз, электрмонтер, электргаздәнекерлеуші, токарь, балабақша тәрбиешісінің көмекшісі, автокөлік жөндеу слесарі және басқа да жұмысшы мамандықтар. Оқыту білім беру ұйымдарында және жұмыс берушілердің жұмыс орындарында ұйымдастырылады. Оқу ұзақтығы 6 айдан аспайды.

Оқу кезеңінде қатысушыларға мемлекеттік қолдау көрсетіледі: шәкіртақы немесе жалақы төленеді, медициналық тексеруден өту шығындары (2 АЕК көлемінде) өтеледі, жол шығындары қарастырылады. Тұрақты тұрғылықты жерінен тыс жерде оқитындарға тұрғын үй жалдау шығындары бойынша материалдық көмек беріледі.

Оқуды аяқтағаннан кейін сертификат табысталып, тұрақты жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетіледі. Әлеуметтік келісімшарт негізінде жұмысқа орналастыру қарастырылған: білім беру ұйымында оқығандар үшін кемінде 6 ай, жұмыс орнында оқығандар үшін кемінде 12 ай.

Бағдарламаға екі жыл ішінде бір рет қатысуға болады.

Оқуға жолдама алу үшін келесі құжаттарды ұсыну қажет: өтініш, жеке куәлік, білім туралы құжат, еңбек қызметін растайтын құжаттар (бар болған жағдайда), бұрын өткен оқу туралы құжаттар (бар болса), сондай-ақ 075/у нысанындағы денсаулық туралы анықтама.

Қатысу үшін тұрғылықты жері бойынша Мансап орталығына, ал ауыл тұрғындары ауылдық округ әкімдеріне жүгінуі қажет.

Баршаңызды тегін білім алып, жаңа мамандық игеріп, тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігін пайдалануға шақырамыз.