Ақтөбеде құрылыс және сәулет саласындағы бақылау күшейтілді

Ақтөбеде құрылыс және сәулет саласындағы бақылау күшейтілді

 

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында сәулет және құрылыс саласындағы бақылау, сондай-ақ құрылыс нысандарында заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету шаралары талқыланды.

Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сұлтан Аманчиннің мәліметінше, биылғы жылдың бірінші тоқсанында тұрғын үй, әлеуметтік, жол және өндірістік нысандар құрылысының басталуы туралы 248 хабарлама түскен. Лицензиялау, қайта рәсімдеу және сарапшыларға аттестат беру бойынша 97 мемлекеттік қызмет көрсетілген.

Жеке және заңды тұлғалардың 328 өтініші бойынша 19 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 16 нұсқама беріліп, 11 млн теңгеден астам сомаға 31 әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, басқарма заңсыз құрылысқа қатысты сот процестеріне белсенді қатысуда. Қазіргі уақытта рұқсат құжаттарынсыз салынған көпқабатты тұрғын үйді бұзу туралы сот шешімі бар.

«Прокуратура органдарымен бірлесіп лицензиялық талаптардың бұзылуын анықтау жұмыстары жүргізілуде. 2026 жылдың үш айында 65 компания әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 13 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Сонымен қатар, 57 компанияның қызметі тоқтатылып, бір компания лицензиясынан айырылды», – деді Сұлтан Аманчин.

Құрылыс алаңдарына жүргізілген комиссиялық тексерулер барысында абаттандыру және құрылыс нормаларының бұзылуы, соның ішінде жолдардың ластануы және дөңгелек жуу орындарының жоқтығы анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша 20 компанияға айыппұл салынды.

Басты назар үлестік құрылыс мәселелеріне аударылды. Кейбір компаниялардың азаматтардың қаражатын тартудың балама тәсілдерін қолданатыны атап өтіліп, халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі айтылды.

Облыс әкімі басты басымдық – айыппұл саны емес, заңбұзушылықтарды нақты жою және құрылыс сапасын арттыру екенін атап өтті.

Асхат Шахаров проблемалық нысандарды аяқтау жұмыстарын жандандыру, құрылысқа бақылауды күшейту және әлеуметтік әрі тұрғын үй нысандарын уақытында пайдалануға беруді қамтамасыз етуді, сондай-ақ қала әкімдігі және полиция департаментімен бірлесіп құрылыс алаңдарында экологиялық және құрылыс талаптарының сақталуын қатаң бақылауды тапсырды.