Ақтөбеде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті

Ақтөбеде ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті

Бүгін Ақтөбедегі «Табыс» коммуналдық базарында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің кезекті жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде тұрғындарға Әйтеке би, Қарғалы және Мұғалжар аудандарынан әкелінген өнімдер қолжетімді бағамен ұсынылды.
Сауда сөрелеріне жалпы көлемі 3,5 тонна ет өнімдері және 1,5 тоннадан астам сүт өнімдері қойылды. Тауарлар нарықтағы бағадан 15–20 пайызға төмен сатылып, қала тұрғындары мен қонақтарына сапалы әрі табиғи өнімдерді тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік берілді.

Сонымен қатар, бүгін «Алтай» базарында және Есет батыр тұрғын алабының 1-шағын ауданында («Дина» супермаркеті маңында) да Ақтөбе қаласының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен жәрмеңкелер өтті.

Аталған бағыттағы жәрмеңкелер жылдың соңына дейін әр сенбі сайын тұрақты түрде өткізілетін болады. Бұл шаралар өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне өз өнімдерін тұтынушыларға тікелей ұсынуға мүмкіндік беріп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, бағаны тұрақтандыруға және отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған.