Ақтөбеде қоғамдық көліктің үздіксіз жұмысына мүмкіндік беретін мәселе шешімін тапты

Ақтөбеде қоғамдық көліктің үздіксіз жұмысына мүмкіндік беретін мәселе шешімін тапты

 

Қалада табиғи газбен жүретін автобустарды тұрақты отынмен қамту үшін жаңа газ құю кешені іске қосылды.

QazaqGaz ұлттық компаниясы пайдалануға берген Ақтөбедегі автомобиль газ толтыру компрессорлық станциясы (АГТКС) енді «Автопарк», «Qala Trans», «Akzhayik Avtopark» және өзге де тасымалдаушы ұйымдардың 220-дан астам автобусына тоқтаусыз қызмет көрсете алады.

Кешеннің ашылу салтанатына Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров және «QazaqGaz» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Әлібек Жамауов қатысты.
 
Жаңа нысан QazaqGaz Onimderi брендімен жұмыс істейді және тәулігіне 500-ге дейін көлікке қызмет көрсетуге қауқарлы. Ол қаланың айналма жолы бойында орналасқан, бұл тек қалалық автобустарға ғана емес, сонымен қатар «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық дәлізі арқылы өтетін транзиттік көліктерге де қолайлы.

«Бұл – Мемлекет басшысының газ-мотор отынын дамыту және заманауи қалалық ортаны қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға қосылған маңызды үлес. Табиғи газ – қазбалы отын түрлерінің ішіндегі ең экологиялық таза түрі, ал Ақтөбе сияқты ірі қала үшін атмосфераға зиянды шығарындыларды азайту – әрбір азаматтың денсаулығы мен жайлылығы. Сонымен қатар, бұл шешімнің орасан зор экономикалық тиімділігі бар. Осы жобаны жүзеге асыруға қатысқан барша азаматтарға алғысымды білдіремін», – деді өңір басшысы Асхат Шахаров.

Жоба Қазақстанның 2025–2029 жылдарға арналған газ саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспары аясында жүзеге асырылып отыр. Құжатта газ-мотор инфрақұрылымын дамыту негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленген.

Ал Басқарма төрағасы Әлібек Жамауов табиғи газды көлік отыны ретінде пайдаланудың экологиялық және технологиялық тиімділігіне тоқталды.

«Табиғи газды мотор отыны ретінде пайдалану шығарындыларды азайтуға және ауа сапасын жақсартуға ықпал етеді, ал желіні басқарудың франчайзингтік моделі сервис пен технологиялық сенімділіктің бірыңғай стандарттарын қамтамасыз етеді», – деді ол.

Айта кетейік, бұл – қаладағы екінші осындай газ құю кешені. Бұған дейін іске қосылған алғашқы нысан тәулігіне шамамен 180 көлікке қызмет көрсетеді.