
Таиланд астанасы Бангкок қаласында 7–12 сәуір аралығында өтіп жатқан Азия-Тынық мұхиты аймағының пара пауэрлифтинг чемпионатында ақтөбелік спортшылар жоғары нәтиже көрсетіп, ел мерейін үстем етуде. Ауқымды додаға 23 мемлекеттен 249 пара спортшы қатысып жатыр.
Жарыста Ақтөбе өңірінің намысын қорғаған қос спортшы жүлделі орындардан көрінді. Атап айтқанда, жасөспірімдер арасында (U17) -49 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Әлібек Нұраш чемпион атанып, алтын медаль иеленді. Ол 85 келі зілтемірді бағындырып, үш әрекеттің қорытындысы бойынша 232 келі нәтижені көрсетті.
Сондай-ақ, -50 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен ақтөбелік спортшы Гүлім Құрманбаева қола жүлдеге ие болды. Гүлім 104 келі зілтемірді көтеріп, жалпы есепте 302 келі нәтижені тіркеді. Осы жетістігінің нәтижесінде ол биыл қазан айында Жапонияда өтетін V Пара Азия ойындарына қатысуға лицензия алды.
Айта кетейік, қос спортшыны жарысқа жаттықтырушылар Орынтай Бекболат пен Сергей Ведюшкин дайындаған.
Ақтөбелік спортшылардың халықаралық аренадағы бұл табыстары өңірдегі пара спорттың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.
Спортшылар мен олардың бапкерлерін жарқын жеңістерімен құттықтаймыз!