Ақтөбеде ерлік ескерусіз қалған жоқ

Ақтөбеде ерлік ескерусіз қалған жоқ

 

7 сәуір күні облыс әкімдігі ғимаратында орын алған төтенше жағдай – өрт оқиғасы өңір жұртшылығын алаңдатқаны белгілі. Дегенмен, тілсіз жаумен арпалыста өрт сөндірушілер мен құтқарушылар жоғары кәсібилік пен табандылықтың нағыз үлгісін көрсетті. Оқиғаның алғашқы минуттарынан-ақ жедел әрекет еткен мамандар жалынды дер кезінде ауыздықтап, үлкен шығын мен қайғылы жағдайлардың алдын алды.

Осыған байланысты облыс әкімі Асхат Шахаров ерлік танытқан қызметкерлерге арнайы құрмет көрсетіп, ризашылығын білдірді.

Салтанатты жиын барысында төтенше жағдай кезінде ерлік көрсеткен 172 жеке құрам қызметкері алғысқа бөленіп, сыйақымен марапатталды.

Облыс әкімдігінде өткен салтанатты қабылдауда өңір басшысы бұл жағдайдың тек қызметтік міндетті орындау ғана емес, ел мен жерге деген адалдықтың, халық алдындағы борыштың жарқын көрінісі екенін жеткізді. Сонымен қатар, олардың ерлігі жас ұрпаққа үлгі екенін және қоғам үшін зор мақтаныш екенін айтты.

«Кеше күрделі тапсырманы орындау кезінде сіздер батырлық танытып, болашақ ұрпаққа үлгі болдыңыздар. Өртті жоюға қатысқан әрбір адамға айта кеткім келеді: баршаңыз шұғыл және бар күш-жігеріңізді салып әрекет еттіңіздер және бір сағат ішінде қойылған міндетті орындадыңыздар. Біз қиындықтарға алғаш рет тап болып отырған жоқпыз, бірақ барлық кедергіге қарамастан, сіздер әрдайым алдыңғы қатарда тұрып, өз міндеттеріңізді адал орындауға әрқашан дайынсыздар. Әрқайсыңызға шын жүректен алғыс білдіремін. Біз бір команда екенімізді дәлелдедік. Бірлескен күш-жігерімізбен кез келген тапсырманы шешіп, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз.
Облыстық әкімдік тек мемлекеттік қызметшілер отыратын жер емес, халыққа қызмет ететін ғимарат. Олардың игілігі үшін барлық мәселе мұнда шешімін табады. Және сіздердің арқаларыңызда осы органның жұмысы әрі қарай жалғасатын болады», – деді облыс әкімі.

Салтанатты рәсім кезінде Асхат Шахаров құтқарушыларымыздың патриотизмімен байланысты бір маңызды жайтқа тоқталды. Өртті сөндіру кезінде олардың бірі әкімдік ғимаратының шатырына ілінген мемлекеттік туын шешіп, оны әкімге тапсырған.

«Қазақстан туы – тек символ емес, ол біздің абыройымызды, тәуелсіздігімізді және мемлекеттімізді көрсетеді. Кеше өрт сөндірушілер әкімдік ғимаратының шатырындағы туын шешіп, оны маған тапсырды. Мен олардың ісін жеке қолдадым. Бұл ту бізге ұлттық символдарымызды кез келген жағдайда әрі өз елімізде, әрі шетелде құрметтеу және қорғау керектігін еске салады.
Елге деген қамқорлықтың әрбір көрінісі маңызды. Біз маңызды тәжірибе алдық, оны болашақта қолданамыз. Символдарды сақтаңыздар, елді құрметтеңіздер, сонда біз бірге мықты боламыз!», – деп сөзін қорытындылады облыс әкімі.

Құтқарушылардың жанқиярлық еңбегі мен батылдығы ел тыныштығы мен қауіпсіздігі – сенімді қолда екенін тағы бір дәлелдеді.