
Мемлекет басшысының инвестициялық белсенділікті арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау және өңірде «инвестицияға тапсырыс» механизмін іске асыру мақсатында «Business Kezdesu: Kazakhstan–China» атты іскерлік кездесу ұйымдастырылды.
Шара барысында облыстың инвестициялық әлеуетін арттыру, екіжақты экономикалық серіктестікті дамыту және инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланып, кездесуге қытайлық компаниялардың басшылары, инвесторлар, қаржы институттары мен жергілікті атқарушы органдар және бизнес қауымдастық өкілдері қатысты.
Жиынның ресми ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастардың стратегиялық сипатын атап өтіп, өңірдің экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды. Оның айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы мен Қытай арасындағы тауар айналымы 848,6 млн АҚШ долларын құрады. Бүгінде өңірде CNPC және Sinopec сияқты ірі компанияларды қоса алғанда, қытайлық капиталдың қатысуымен 50-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр.
ҚХР-дың Ақтөбе қаласындағы Бас консулы Го Юй мырза өз кезегінде екіжақты сенім мен технологиялық алмасудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесуде инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды. Облыс прокурорының аға көмекшісі Жұмағали Рысалдинов прокуратура жанынан инвесторларды сүйемелдеуге арналған арнайы фронт-офис пен 115 Call-орталығы жұмыс істейтінін жеткізді.
Cонымен қатар, жиында өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері, «Ақтөбе» АЭА әлеуеті және инвесторларға ұсынылатын жеңілдіктер таныстырылды. «Банк ЦентрКредит» АҚ өкілдері бизнесті қолдаудың қаржылық құралдарын ұсынды.
Жиын қорытындысы бойынша тараптар Ақтөбе облысының инвестициялық тартымдылығын арттыру бағытындағы ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты.