
Сейсенбі күні облыстық мәслихаттың кезекті ХХIV сессиясы өтті. Оған облыс әкімі Асхат Шахаров қатысты. Сессияның күн тәртібінде барлығы 12 мәселе қаралды.
Отырыста алдымен атқарылған жұмыстар туралы облыстық мәслихат төрағасы Гүлқасима Сүйінтаеваның есебі тыңдалды.
Оның айтуынша, былтыр депутаттар 5 сессия өткізген, соның нәтижесінде 100 шешім қабылданған, оның 29-ы — нормативтік құқықтық акті. Сондай-ақ былтыр бірқатар стратегиялық және бағдарламалық құжат бекітілген.
Бұдан кейін сессияда облыстық мәслихаттың 2025 жылғы 10 желтоқсандағы №298 «2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе қаралды.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұржан Мақсатовтың айтуынша, алдағы үш жылға бекітілген бюджеттің жалпы көлемі — 5,9 млрд теңге. Оның ішінде даму бюджетіне 1,4 млрд теңге қаржы қарастырылған. Атап айтсақ,
құрылыс басқармасына — 192 млн теңге, энергетика басқармасына 182 млн теңге бөлу жоспарлануда.
Бұл қаржы Байғанин ауданы Қарауылкелді ауылындағы өрт сөндіру депосының құрылысын аяқтауға, Баршақұм ауылын сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге,
Қарғалы ауданы Әлімбет ауылындағы өткізу пункті бойынша екі жобаны жүзеге асыруға, Алға ауданы Алға қаласындағы №4 шағын аудандағы тұрғын үйді күрделі жөндеуге бөлінеді.
Ал облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасына шағын және орта бизнес субъектілеріне несие беруге 1 млрд теңге бағытталып отыр.
Сондай-ақ бірқатар білім беру ұйымына күрделі жөндеу жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама дайындауға, Шұбарқұдық, Қарабұтақ ауылдарындағы оңалту орталығын жөндеуге, спорттық мекемелерге арнайы көлік сатып алуға және республикалық чемпионат өткізуге де қаражат қарастырылған.
Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығына кредит беру мен лизинг мөлшерлемелерін субсидиялау бойынша қабылданған міндеттемелерді орындау үшін ауыл шаруашылығы басқармасына 1,0 млрд теңге бөлінбек.
Облыстық полиция департаментіне де осындай қаржы бөлініп отыр. Бұл аталған департаменттің материалдық-техникалық базасын нығайтуға арналған.
Қазіргі таңда облыста медицина мекемелерінің жедел медициналық жәрдем бригадаларымен қамтамасыз етілу деңгейі — 62,4 пайыз. Осыған орай жедел жәрдем қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында лизингке 30 автокөлік сатып алу жоспарлануда. Бұған да бюджеттен арнайы қаржы қарастырылады.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Асхат Шахаров былтыр жүзеге асырылған жобалар биыл да жалғасын табатынын, өңірдегі түйінді мәселелердің шешуші бір кілті бюджет қаржысын ұқыпты әрі тиімді пайдалануға қатысты екенін, бұл ретте бюджеттік бағдарламаларды жүргізушілердің жауапкершілігі жоғары болуы керегін атап көрсетті.
«Алда кезек күтіп тұрған шаруалар аз емес. Сондықтан ауызбіршілікпен алдағы уақытта да бірлесе жұмыс атқаруымыз керек. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында егіс егу жұмыстарын ойдағыдай жүргізіп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, шағын және орта бизнесті дамытуда, ауылдарды сапалы ауызсумен, газбен қамтуда барынша нәтижелі жұмыс жүргізілуге тиіс. Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, білім, денсаулық сақтау салаларында заңбұзушылықтарға жол бермеуіміз керек. Цифрландыру және жасанды интеллект жылында қауіпсіздік мәселесі де басты назарда болуы қажет», — деді Асхат Шахаров.