
Ақтөбеде «Қалдықсыз қоғам» акциясы аясында Аграрлық колледж студенттері қалдықты табыс көзіне айналдырудың нақты жолын көрсетті.
30 наурыз күні өңір бойынша кең ауқымда өткен экологиялық бастамаға Шығанақ Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжі де белсенді түрде үлес қосты. Оқу орнында «Қалдықтан — құнарға: тиімді игеру жолдары» атты тәжірибелік іс-шара ұйымдастырылып, ол тек теориямен шектелмей, нақты нәтижеге бағытталды.
Іс-шара арнайы пән оқытушылары Гүлнар Ещанова мен Айгүл Мырзабекованың жетекшілігімен өтті. «Ветеринария» мамандығының студенттері мал көңін кәдеге жаратудың заманауи тәсілдерін меңгерсе, «Агрономия» бағытының білім алушылары оны қайта өңдеп, биогумус өндіру процесін тәжірибе жүзінде жүзеге асырды.
Биогумус — калифорниялық қызыл құрттардың көмегімен алынатын табиғи тыңайтқыш. Мамандардың айтуынша, бұл әдіс топырақ құнарын арттырып қана қоймай, экологиялық қауіпсіз әрі экономикалық тұрғыдан тиімді шешімдердің бірі саналады.
Айта кету керек, мұндай жобалар Президенттің экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатыр.
Сарапшылардың пікірінше, дәл осындай тәжірибелік бастамалар жастардың экологиялық жауапкершілігін арттырып, ауыл шаруашылығына инновациялық тәсілдерді енгізуге жол ашады.