28 наурызда Ақтөбе өңірінде жаһандық экологиялық бастаманың бір бөлігі – «Жер сағаты» акциясы өтті.

28 наурызда Ақтөбе өңірінде жаһандық экологиялық бастаманың бір бөлігі – «Жер сағаты» акциясы өтті.

 

Жергілікті уақыт бойынша сағат 20:30-дан 21:30-ға дейін тұрғындар халықаралық экологиялық акцияға белсенді түрде қосылып, үйлерде, кеңселерде және көшелерде жарықты бір сағатқа сөндірді. Биылғы акцияның тақырыбы елдегі экотуризмді дамытуға арналды.

«Жер сағаты» – Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) бастамасымен өткізілетін жыл сайынғы халықаралық шара. Акция барысында ұйым планетаның болашағына бей-жай қарамай, электр қуатын үнемдеуге және табиғатқа жанашырлықпен қарауға шақырады. Сонымен қатар, әлемнің ең танымал ғимараттары мен ескерткіштерінің жарығы да символдық түрде өшіріледі.

Айта кету керек, бұл – әлемдегі ең ауқымды экологиялық акциялардың бірі. Оған 2 миллиардтан астам адам қатысып, 180 елдегі 7 мыңнан астам қала тұрғындары қолдау білдіреді. 2026 жылы «Жер сағаты» акциясы әлем бойынша 19-шы рет, ал Қазақстанда 17-ші рет ұйымдастырылды.

Акцияның басты мақсаты – табиғатты сақтау мен ресурстарды ұқыпты пайдалану қажеттілігіне қоғам назарын аудару. Ақтөбе өңірінде өткен шара да осы маңызды бастамаға өңір тұрғындарының бейжай қарамайтынын көрсетті.