#ТазаҚазақстан: Ақтөбедегі тазалық талаптарын сақтамаған бизнес нысандарына айыппұл салынуы мүмкін

#ТазаҚазақстан: Ақтөбедегі тазалық талаптарын сақтамаған бизнес нысандарына айыппұл салынуы мүмкін

 

Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы, Ақтөбе қаласының әкімдігі және Астана ауданы әкімдігі бірлесіп, қала аумағындағы кәсіпкерлік нысандарға кезекті мониторинг жүргізді.

Рейдтің басты мақсаты – көктемгі абаттандыру екіайлығы аясында кәсіпкерлердің санитарлық талаптарды сақтау деңгейін бағалау.

Тексеру барысында Тұрғындар қалашығы базары мен Есет батыр көшесінің бойында орналасқан сауда және қызмет көрсету орындары қамтылды.

Бизнес өкілдеріне бекітілген екіайлық жоспары түсіндіріліп, нысандарға іргелес аумақтарды қоқыстан тазарту және көгалдандыру қажеттігі ескертілді. Сонымен қатар ғимараттардың қасбеттік келбеті тексеріліп, бірқатар заңбұзушылық анықталды.

Жауапты мамандар кәсіпкерлерге абаттандыру қағидаларын сақтау жөнінде арнайы жадынамалар таратып, талаптар орындалмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылатынын ескертті.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Досжан Әлібековтің айтуынша, бұл шаралар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында өтуде.

«28 наурыз бен 30 мамыр аралығында Ақтөбеде санитарлық тазалау және абаттандыру бойынша көктемгі екіайлық жарияланды. Барша кәсіпкерлерді қаланы таза ұстауға белсенді атсалысуға шақырамын. Тазалық – әрбір бизнес иесінің жауапкершілігі», – деді ол.