Ойылда ірі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда

Ойылда ірі жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда

 

Өңір басшысының тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, облыс прокуроры Марат Әбішев және ТЖД басшысы Қаһарман Оразалин Ойыл ауданына барды.

Әуелі делегация Ойыл ауылына кіреберістегі көпірдің құрылыс барысын тексерді. «Тенгизстройсервис Групп» ЖШС көпірді қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі уақытта көпір толық бөлшектелді. Сегіз тірек тұрғызылып, уақытша қозғалысты қамтамасыз ету үшін жол бөлігіне плиталар төселді. Сондай-ақ 56 арқалық орнатылып, көпірдің жүріс бөлігі уақытша көлік қозғалысына дайын. Жоба биыл толық аяқталады.

Сапар барысында жауапты тұлғалар жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен де танысты. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес мердігерлерге жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау міндеті қойылды.

Айта кетейік, Ойыл ауылында қазіргі таңда сегіз пәтерлі екі тұрғын үй бой көтеруде. Тапсырыс беруші – аудандық сәулет және құрылыс бөлімі, ал мердігер – «Рустал» ЖШС. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қазан айында басталған. Қазір үйлердің іргетастары құйылып, қабырғалары қаланыпты. Бір үйдің шатыры толық жабылса, екіншісінде шатыр жұмыстары жалғасып жатыр. Нысандар 2026 жылдың мамыр айында тапсырылмақ.