Ақтөбе облысында аумақтарды санитарлық тазарту және көгалдандыру бойынша екі айлық өтеді

Ақтөбе облысында аумақтарды санитарлық тазарту және көгалдандыру бойынша екі айлық өтеді

Өткізу мерзімі - 28 наурыз бен 30 мамыр аралығы. 

Бұл туралы өңір басшысы Асхат Шахаров мемлекеттік мекемелердің басшылары, облыс орман шаруашылықтарының өкілдері мен эко-белсенділердің қатысуымен өткен жиында мәлімдеді.

Акцияның басталуы туралы ақпарат «Наурызнама» онкүндігі аясында атап өтілетін Тазару күні - тазалық пен өңірдің экологиялық жағдайына қамқорлық мерекесінде жария болды.

Облыс әкімі Асхат Шахаров екі айлықтың негізгі мақсаты тек аумақтарды санитарлық тазарту мен көгалдандыру ғана емес, сонымен қатар тұрғындар арасында қоғамдық орындардағы тазалық пен тәртіпке жауапкершілікті қалыптастыру екенін сөз етті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, өңірлердегі санитарлық-экологиялық ахуалды жақсартуға және жас ұрпақтың табиғатқа жанашырлықпен қарауын тәрбиелеуге бағытталған. Біз бұл жұмыстарға кәсіпорындарды, білім беру ұйымдарын, жастар ұйымдары мен еріктілер бірлестіктерін жүйелі түрде тартамыз. Көшелерді, аулаларды, саябақтар мен скверлерді абаттандыруға, сондай-ақ құрылыс нысандарында абаттандыру қағидаларын сақтауға ерекше көңіл бөлінеді. Екі айлық аясында жаппай ағаш отырғызу, қатты тұрмыстық қалдықтарды қабылдайтын фандоматтар орнату, жаңа демалыс аймақтары мен эко-саябақтар құру жоспарланып отыр», – деді облыс әкімі.

Өңір басшысы экологиялық бастамаларды тиімді іске асыру үшін эко-белсенділер мен еріктілерге қолдау көрсетуді тапсырды.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Құлмағамбетовтің мәліметінше, биыл 10 млн ағаш отырғызу жоспарланған: оның ішінде 4 млн-нан астамы - көктемде, қалғаны - күзде отырғызылады. Ауылдық елді мекендерде 150 мың ағаш отырғызу көзделген. Орман шаруашылықтарында 6 млн көшет дайындалған. 18 сәуір күні Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Жалпыұлттық ағаш отырғызу күні және «Мектеп орманшылығы» акциясы өтеді.

Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет 4 сәуірде қалада «Мөлдір бұлақ» және «Таза өлке» акциялары өтетінін хабарлады. Бұл шаралар аясында көшелер, аулалар, қоғамдық аумақтар мен су айдындары тазартылып, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Оған барлық әлеуметтік мекемелер – мектептер, балабақшалар, ауруханалар, жоғары және орта арнаулы оқу орындары, сондай-ақ тұрғын үй басқару органдары мен бизнес нысандары қатысады. Олар өз аумақтарының санитарлық жағдайына жауап береді. Екі айлық кезеңінде қатты тұрмыстық қалдықтар полигонға тегін шығарылады.

Қазіргі таңда Ақтөбеде жолдарды күтіп ұстауға 13 мердігер ұйым, жаяу жүргіншілер аймақтарына 11 ұйым жауапты. Олар көшелер мен тротуарларды тазалау, жол белгілері мен қоршауларды ретке келтіру жұмыстарын жүргізуде. Сәуір айында жол таңбаларын сызу басталады.

«Алтын Орда» шағын ауданындағы құрылыс нысандары - ерекше бақылауда. Мобильді топтар жүк көліктеріне арналған дөңгелек жуу құрылғылары және құрылыс алаңдары қоршауларының бар-жоғын тексеруде. Абаттандыру қағидаларын бұзғаны және дөңгелек жуу жүйесінің болмауына байланысты жеті құрылыс компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қала әкімі санитарлық жағдайы төмен қала сыртындағы аумақтарды тазалау үшін облыстық басқармалар мен департаменттердің қызметкерлерін жұмылдыруды ұсынды. Атап айтқанда, Түйетөбе аумағы, сондай-ақ Солтүстік, Батыс және Оңтүстік айналма жолдар. Бұл ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, себебі қаладағы саябақтар мен скверлер тұрақты түрде күтіп ұсталады.

Сондай-ақ Азамат Бекет ақтөбеліктер мен қала кәсіпорындары «Менің Ақтөбем» байқауына қатыса алатынын еске салды. Байқау аясында ең үздік көпқабатты тұрғын үй ауласы, ең үздік абаттандырылған кәсіпорын, ең таза жеке үй, үздік аула сыпырушы немесе көпқабатты үйді басқарушы анықталады. Жеңімпаздарға материалдық сыйақы табысталады.

Облыс әкімі барлық жауапты органдар мен аудан әкімдіктеріне екі айлық іс-шараларының орындалуын жүйелі бақылауды, қоқысты уақытылы шығаруды, абаттандыру және көгалдандыру қағидаларын сақтауды қамтамасыз етуді, сондай-ақ халықты, білім беру ұйымдарын, кәсіпорындарды және эко-белсенділерді кеңінен тарту арқылы өңірдің экологиялық мәдениетін арттыруды тапсырды.