
Наурызнама онкүндігі аясында Шаңырақ күніне орай Ақтөбе облысының Байғанин ауданында 30 отбасы баспаналы болды. Қарауылкелді ауылында жаңа коммуналдық тұрғын үйлердің кілттері салтанатты түрде табысталды.
Аудан тұрғындары үшін бұл – көптен күткен қуанышты сәт. Жаңа үйлер заманауи талаптарға сай салынған. Пәтерлер толықтай газ, су және электр желілерімен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар әр үйдің ауласы қоршалып, кәріз жүйесі септик арқылы жүргізілген.
Салтанатты шараға аудан әкімі Айбек Купенов қатысып, жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттерін табыстады. Ол тұрғындарды маңызды мерекемен құттықтап, өңірде тұрғын үй құрылысы қарқын алып келе жатқанын атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту және тұрғын үймен қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Осы бағытта ауданымызда ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл – әлеуметтік әділеттіліктің нақты көрінісі әрі тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам», – деді аудан әкімі.
Айта кетейік, жаңа үйлердің пайдалануға берілуі ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Қоныс тойын тойлаған отбасылар үшін бұл баспана жаңа өмірдің бастауы мен жаңа мүмкіндіктердің символына айналды.