«Шаңырақ күні»: перзентханада дүниеге келген сәбилердің аналарына бесік пен сыйлықтар табысталды

«Шаңырақ күні»: перзентханада дүниеге келген сәбилердің аналарына бесік пен сыйлықтар табысталды

 

17 наурызда Наурыз мейрамын және «Наурызнама» онкүндігін мерекелеу аясында «Шаңырақ күні» атап өтілді. Бұл күн отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және әрбір шаңырақтың берекесін арттыруға бағытталған.

Қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымында шаңырақ – үйдің, әулеттің бірлігінің, ұрпақ жалғастығының және отбасы жылуының символы. Сондықтан бұл күн отбасы институтын қолдауға, ана мен балаға құрмет көрсетуге және қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайтуға арналды.

Мереке аясында Ақтөбедегі облыстық перинаталдық орталықта ерекше шара өтті. «Шаңырақ күні» дүниеге келген сәбилердің 20 жас анасына арнайы «Наурыз-базарлық» сый-кәдесі табысталды.

Сыйлықтарды облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырды. Жас аналарға дәстүрлі бесіктер мен естелік сыйлықтар берілді.

Іс-шара барысында ұйымдастырушылар жас отбасыларға амандық, жаңа туған нәрестелерге мықты денсаулық, ал әрбір шаңыраққа береке мен бақыт тіледі.