Облыстық әкімдікте «Жаңа прогрессивті Конституция бірлігіміздің тірегі» атты жиын өтті

Облыстық әкімдікте «Жаңа прогрессивті Конституция бірлігіміздің тірегі» атты жиын өтті

 

Ақтөбе өңірінде Қазақстан Республикасы Конституция жобасын қолдауға арналған «Жаңа Прогрессивті Конституция – бірлігіміздің тірегі» атты алқалы жиын өтті. Басқосу алда өтетін республикалық референдум аясында ұйымдастырылды.

Отырысқа Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Ақтөбе облыстық мәслихатының төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, облыс әкімінің орынбасарлары, қала әкімі Азамат Бекет және аудан әкімдері, сондай-ақ облыстық басқармалар мен мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.

Өңір басшысы өз сөзінде жаңа Конституция жобасының негізгі тұстарына кеңінен тоқталды. Ел ертеңі мен Әділетті Қазақстанның берік негізін қалау жолында саналы әрі жауапты таңдау жасайтынына сенім білдірді. 15 наурыз күні өтетін референдумда әрбір ақтөбеліктің тарихи шешім қабылдау сәтінде азаматтық ұстаным танытуға шақырды.

«Жаңа Конституция жобасы Ұлы даланың бай тарихы мен терең тамырынан, сондай-ақ халқымыздың заңға құрметі, дәстүрі мен мәдени құндылықтарына сүйене отырып әзірленді. Қазақ халқы қашанда әділдік пен ар-намысты биік қойған. Мемлекетіміздің басты нышандарының бірі саналатын бұл Конституция жобасы ел мен қоғамды жан-жақты жаңғыртуды көздейді. Бұл – Әділетті Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған нақты әрі маңызды қадам», – деді облыс әкімі.

Жиында Ақтөбе облыстық мәслихатының төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның мүшесі Гүлқасима Сүйінтаева жаңа Конституция жобасын талқылау үшін «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалиция мүшелері барлық еңбек ұжымдарымен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатқанын тілге тиек етті. 

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалиция мүшелері күні бүгінге дейін ауыл-аймақтарды аралап, облыс тұрғындары және еңбек ұжымдарымен кездесіп, Ата Заңның жобасының әрбір бабын, оның маңызын түсіндіріп келеді. Жаңа Конституцияның жобасы – мемлекет пен азамат арасындағы қарым-қатынасты жаңаша пайымдаудың көрінісі. Онда адамның қадір-қасиеті, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің басты басымдығы ретінде айқындалып, бірлік, өзара құрмет, этносаралық және конфессияаралық келісім ел тұрақтылығының негізі ретінде бекітілді», — деді Г.Сүйінтаева.

«Жаңа прогрессивті Конституция – бірлігіміздің тірегі» атты жиын қоғамда қызу талқыланып жүрген Ата Заң жобасының мән-маңызын таныстырып, халықты белсенді азаматтық ұстаным көрсетуге шақырған шара болды.