Ақтөбеде «Nauryz Sale» мерекелік акциясы өтеді

Ақтөбеде «Nauryz Sale» мерекелік акциясы өтеді


Наурыз мерекесі қарсаңында Қазақстанда 13–23 наурыз аралығында ауқымды республикалық «Nauryz Sale» акциясы басталады. Бастама отандық өндірушілерді қолдауға, ішкі сауданы ынталандыруға және ел тұрғындары мен қонақтары үшін бірыңғай мерекелік атмосфера қалыптастыруға бағытталған.

Акция кезеңінде сауда субъектілері халыққа азық-түлік және азық-түлік емес тауар топтарына 10–70 пайыз аралығында мерекелік жеңілдіктер ұсынады. Акциялық тауарлар сауда залдарында арнайы мерекелік навигация және «Nauryz» фирмалық безендіруі арқылы белгіленеді.

Ақтөбеде акцияға ішкі сауда саласының ең ірі 6 субъектісі қатысады. Атап айтқанда, бұл - «Анвар», «Дина» сауда желілері және Keruen City, «Нұрдаулет», City shopping center, Мега Шығыс сауда үйлері.

Акция аясында отандық өндірушілерді қолдауға ерекше назар аударылады. Қазақстандық өндірушілердің өнімдері ұсынылатын арнайы сату аймақтары ұйымдастырылып, онда тауарлар нарықтағы бағадан орта есеппен 10–20 пайызға төмен бағамен сатылатын болады.

Сауда орталықтарына келушілер үшін мазмұнды интерактивті бағдарлама да қарастырылған. Елдің ірі сауда-ойын-сауық орталықтарында ұлттық нақыштағы фотозоналар ұйымдастырылады. Ақтөбеде мұндай аймақты KeruenCity сауда орталығында орналастыру жоспарланған.