
Өңірдің құрылыс саласын дамыту және цифрландыру мәселелері облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.
Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Мұздыбаевтың айтуынша, биыл барлық қаржыландыру көзі есебінен 1 030 мың шаршы метр тұрғын үйді немесе 7 358 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл 2025 жылғы көрсеткіштің 100,9 пайызын құрайды.
Мемлекеттік тұрғын үй саясаты аясында кредиттік тұрғын үйлер салу және әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін дайын пәтерлер сатып алу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта 80 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 891 пәтердің құрылысы жүргізілуде, сондай-ақ 31,8 мың шаршы метрді құрайтын, 571 пәтерлік тағы екі кредиттік тұрғын үй жобасының құрылысын бастау жоспарланып отыр.
Бағдарламалардың іске асырылуына бақылау «Бәйтерек» цифрлық порталы арқылы жүзеге асырылады. Бұл бюджет қаражатының жұмсалуын және тұрғын үйдің бөлінуін қадағалауға мүмкіндік береді. Ал тұрғын үйді сату мен бөлу «Отбасы банк» арқылы цифрлық форматта жүргізіледі, бұл ашықтықты қамтамасыз етіп, адами фактордың ықпалын азайтады.
Ержан Мұздыбаевтың айтуынша, 2025 жылы өңірде цифрлық технологияларды енгізу белсенді жүргізілген. «Геопортал» арқылы 4 мыңға жуық сәулеттік-жоспарлау тапсырмасы берілген, деректердің 97–99 пайызы жүйеге енгізілген, ал қалған мәліметтерді жаңарту жұмыстары қалалық әкімдікпен бірлесе жалғасуда.
Құрылыс барысын бақылау үшін E-Qurylys.kz, QPortal.kz, PortalMIO.kz және «Бәйтерек» платформалары қолданылады. Бұл жүйелер құрылыс жұмыстарының барысын, қаржыландыруды және тұрғын үйді бөлуді бақылауға мүмкіндік береді. Цифрландыру саланың тиімділігін арттырып, ашықтықты қамтамасыз етеді әрі өңір тұрғындары үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін кеңейтеді.
Үлестік құрылыс саласындағы мемлекеттік қызметтер де электрондық форматта көрсетіледі, бұл рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етіп, мерзімдерін қысқартады. Қазіргі таңда өңірде үлестік құрылыс бойынша 6 нысанға рұқсат беріліп, 829 қатысу шарты тіркелген.
Ержан Мұздыбаев цифрландыру құрылыс саласының тиімділігін арттырып, барлық үдерістің ашықтығын қамтамасыз ететінін, халық үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін кеңейтетінін және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыратынын атап өтті.
Облыс әкімі жаңа тұрғын үй кешендерін инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейінің жеткіліксіздігіне, үйлерді пайдалануға беру мерзімдеріне, құрылыс сапасын бақылауға және «Геопорталдағы» деректердің өзектілігіне ерекше назар аударды.
«Тұрғын үй мәселесі халық үшін ең өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Әрбір жаңа үй тек салынып қана қоймай, толықтай жолдар, мектептер, балабақшалар және ауруханалармен қамтамасыз етілуі тиіс. Құрылыс сапасына бақылау тұрақты болуы керек, ал тұрғын үйдің құрылысы мен пайдалануға берілуі туралы барлық деректер «Геопорталда» өзекті түрде көрсетілуі қажет. Жұмыс жүйелі әрі кідіріссіз жүргізіліп, тұрғындар нақты нәтижені көруі тиіс», – деп атап өтті Асхат Шахаров.