Асхат Шахаров 8 наурызда облыстың дамуына үлес қосқан ақтөбелік әйелдердің шаңырағында болды

Асхат Шахаров 8 наурызда облыстың дамуына үлес қосқан ақтөбелік әйелдердің шаңырағында болды

 

Бүгін, 8 наурыз күні өңір басшысы Асхат Шахаров облыс орталығында тұратын ақтөбелік әйелдердің үйіне арнайы барды. Қоғам мен өңірдің дамуына өз еңбегі және өмірлік өнегесімен үлес қосып жүрген әр буын өкілдеріне алғыс пен ризашылыққа толы жылы лебіздер арналды.

Римма Орынбаева - білім беру саласының ардагері, ұстаз әрі қоғам қайраткері. Ол 44 жылдан астам уақытын білім беру жүйесіне арнап, мектепте жауапты басшылық қызметтер атқарған. Әр жылдары мектеп директорының сыныптан тыс және оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары болып еңбек еткен, сондай-ақ Ойыл аудандық кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарып, ауданның әлеуметтік-мәдени дамуына белсене атсалысқан.

Көп жылғы адал еңбегі үшін Римма Орынбаева «Еңбек ардагері» медалі және «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Қазіргі уақытта зейнет демалысында болса да, қоғамдық және шығармашылық жұмыстарға белсенді қатысып келеді.

«Сіздің көп жылғы еңбегіңіз, кәсібилігіңіз және ісіңізге деген адалдығыңыз зор құрметке лайық. Осындай ұстаздардың арқасында көптеген ұрпақтың білімі қалыптасып, өмірлік құндылықтары мен бағыт-бағдары айқындалады. Сізге шын жүректен зор денсаулық, амандық және ұзақ ғұмыр тілеймін», – деді облыс әкімі Асхат Шахаров Римма Орынбаеваға.

Құттықтауды сондай-ақ Инна Клявина қабыл алды. Ол – педагог, өнертанушы, Ақтөбе қаласындағы көркемсурет лицейінің алғашқы директоры, негізін қалаушы. 50 жылдан астам уақытын педагогикалық қызметке арнаған ұстаздың 32 жылы аталған лицейді басқарумен өтті. Оның жетекшілігімен білім ордасы көркемдік білім берудің және жастардың шығармашылық қабілетін дамытудың маңызды орталығына айналды.

Білім мен мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін Инна Михайловна «Шапағат» медалімен, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен және Қазақстан Республикасының мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

«Сіз ұзақ жылдар бойы көркемдік білім беру саласында еңбек етіп, шығармашыл жастардың қалыптасуына зор үлес қостыңыз. Сіздің тәжірибеңіз бен кәсібилігіңіз бүгінгі педагогтар мен оқушыларға әлі де шабыт береді. Сізге зор денсаулық, шығармашылық шабыт және амандық тілеймін», – деді Асхат Шахаров Инна Михайловнаға.

Құттықтау сөздері Халыққа қызмет көрсету орталығының менеджері Айман Бисеноваға да арналды. I топ мүгедектігіне қарамастан, ол белсенді еңбек етіп, мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінің жұмысына өз үлесін қосып жүр.

Асхат Шахаров Айман Бисеновамен әңгімелесу барысында оның табандылығы мен рухының мықтылығы көпшілікке үлгі екенін алға тартты.

«Сіздің кәсібилігіңіз, еңбекқорлығыңыз және алға қойған мақсатыңызға берік болуыңыз үлкен құрметке лайық. Сіз өз үлгіңізбен қандай қиындық болса да, қоғамға пайда әкеліп, белсенді еңбек етуге болатынын дәлелдеп жүрсіз. Сізге зор денсаулық, отбасылық бақыт және жұмысыңызда жаңа жетістіктер тілеймін», – деді өңір басшысы.

Кездесу соңында Асхат Шахаров әйелдерге еңбегі, өмірлік табандылығы және қоғам дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтып, оларға зор денсаулық, амандық, отбасылық бақыт пен көктемгі көңіл-күй тіледі.