
Бұл күні сахнадан өңірдің әйелдер қауымына арнап, алғыс пен ізгі тілектер айтылды.
Облыс тұрғындарын мерекемен Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев құттықтады. Ол жұмыс сапарымен аймаққа келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын және ізгі тілегін жеткізді.
«Президентіміз өз сөзіңде ел басына күн туғанда асыл аналарымыз бен аяулы аруларымыз қиындыққа мойымай, ұлт тағдырына араласқанын атап өтті. Сондай-ақ, еселі еңбегімен және ерен ерлігімен танылған әйелдердің есімдері тарих жылнамасына мәңгілікке жазылып, жадымызда сақталатынына баса назар аударды. Әділетті Қазақстанда әйелдер қауымы үшін жаңа мүмкіндіктерге кең жол ашылып, кәсіпкерлікпен айналысуға, шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруға және кәсіби біліктілігін арттыруға барлық қажетті жағдай қамтамасыз етілген.
Әйел – болашақ ұрпақты тәрбиелеуде және қоғамның рухани құндылықтарын қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. Әйел азаматтардың рөлі мен еселі еңбегі еліміздің тұрақтылығы мен өркендеуінің берік негізі. Сіздердің мейірімдеріңіз бен қамқорлықтарыңыз шаңырақтарыңызға жылулық сыйлап, қоғамның үйлесімді дамуына үлес қосып келеді. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін», – деді Мәлік Отарбаев.
Облыс әкімі Асхат Шахаров та әйелдерді мерекемен құттықтап, оларға денсаулық, бақыт және бақ-береке тіледі.
«Президентіміз «Аяулы аналарымыз өскелең ұрпақтың бойына адамгершілік құндылықтарды сіңіріп, оларды еңбекқор, білімпаз болуға тәрбиелейді» - деп атап өткен болатын. Расында да, ананың ақ сүті мен тәлімі – ұлттың рухани іргетасы. Ұрпақтың саналы, елжанды, білімді болып өсуінде аналардың еңбегі орасан. Мен де бүгін осы мінберде тұрып, өзімнің азамат болып қалыптасуыма әжем мен анамның берген тәрбиесі, сіңірген еңбегі зор екенін ерекше ризашылықпен айтқым келеді. Сіздер барда – шаңырақ биік, отбасы берік, ел еңселі. Ақ тілектеріңіз – жолымызға нұр, өмірімізге қуат. Сіздердің мейірімдеріңіз – қоғамымыздың жылуы, отбасыларымыздың бақыты», – деді облыс әкімі.
Асхат Шахаров әйелдердің қоғам мен экономиканы дамытудағы маңызды рөлін де тілге тиек етті. Бүгінде олар білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым, мемлекеттік басқару және кәсіпкерлік сияқты түрлі салаларда белсенді еңбек етуде.
Өңірде әйелдер кәсіпкерлігінің үлесі 44,2 пайыз. Бұл – 41 мыңнан астам бизнес субъектісі. Ал жұмыс істеп тұрған 88,1 мың шағын және орта кәсіпорынның 40,9 мыңға жуығын әйелдер басқарады.
Әйелдер бастамаларын қолдауға да аса көңіл бөлінуде. Мемлекеттік кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары аясында жалпы сомасы 33,7 млрд теңгені құрайтын 290 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде әйел кәсіпкерлер жүзеге асырып жатқан 117 жобаға 13,7 млрд теңге көлемінде субсидия берілді. Сонымен қатар облыстың өнеркәсіп саласында 9 мыңнан астам әйел еңбек етеді. Ал өңірдегі 5 043 шаруа қожалығының 605-ін әйелдер басқарады.
Мерекелік кеш «Әйел – әлем» атты концерттік бағдарламамен жалғасты. Көрермендерге әйелдердің қоғам өміріндегі маңызын дәріптейтін жарқын музыкалық-хореографиялық қойылымдар ұсынылды.
Сахнада «Аққу» би ансамблі, «Саз» балалар студиясы, қазақ камералық хоры, шоу-балет және Live band аспаптық ұжымы өнер көрсетті. Сонымен қатар М. Айтимов, Е. Дүйсеев, А. Мақашов, Ж. Нұрқасымова, А. Жақсыбаев және жергілікті эстраданың басқа да өнерпаздары өз шығармашылық нөмірлерін тарту етті.
Сахнадан ана, махаббат және көктем туралы әндер шырқалып, хореографиялық қойылымдар мен театрлық диалогтар концертке ерекше жылылық пен әсерлі атмосфера сыйлады. Кештің соңында барлық өнерпаздар қатысқан финалдық композиция орындалып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй, шынайы күлкі мен нағыз көктемгі мерекелік әсер сыйлады.