
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев жұмыс сапарымен Қобда ауданына келіп, жергілікті тұрғындармен кездесті. Сапар барысында елдегі қоғамдық-саяси өзгерістер мен алдағы республикалық референдум сөз болды.
Алдымен Қобда ауылындағы Мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесу өтті. Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, ауыл ақсақалдары, қоғам белсенділері, жастар және түрлі сала өкілдері қатысты.
Мәлік Отарбаев жиналған қауымға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін жеткізіп, елімізде жүзеге асып жатқан саяси реформалар туралы айтты. Заң мен қоғамның өзара байланысына тоқталып өтті.
«Қазақта «заман басқа — заң басқа» деген сөз бар. Қоғам өзгерген сайын заң да заман талабына сай жаңарып отыруы заңдылық. Сондықтан бүгінгі Конституциялық реформа да қоғам сұранысынан туындап отыр», — деді Президент кеңесшісі.
Кездесу барысында ол қазақ ойшылдарының заң мен елдік дәстүр туралы айтқан ойларын да еске салды.
«Шәкәрім Құдайбердіұлы «Заң мен елдік дәстүрді тең ұстау – қазақтың қазылған қара жолы» деп айтқан. Ал ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Заң шығарушылар халықтың қағидалы қалпын, салтын, мінезін білуі шарт» деген. Бүгінгі жаңа Конституция осы ұлттық құндылықтарды, қоғамның болмысын ескере отырып дайындалған», — деді ол.
Сондай-ақ Президент кеңесшісі жаңа Ата заңның мемлекеттік тілде әзірленуіне ерекше тоқталды.
Одан кейін ауыл тұрғындары сөз сөйледі. Аудан тұрғыны, қоғам белсендісі Алпамыс Еспағанбетов ел бірлігі мен тұрақтылығының маңызын атап өтсе, музей меңгерушісі, өлкетанушы Гүлбаршын Ерғалиева ұлттық құндылықтарды сақтау мен қоғамдағы бірлікке тоқталды. Белсенді жас Айдын Маратұлы жастардың ел болашағына жауапкершілікпен қарап, мемлекет дамуына үлес қосуы керектігін айтты.
Жұмыс сапары барысында Президент кеңесшісі Қобда ауданына қарасты Талдысай ауылына да барып, ауыл тұрғындарымен және ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен кездесті. Басқосуда заңдағы жергілікті басқару, өңірлік даму және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі баптар сөз болды. Кездесу қатысушылары табиғатты сақтау, қоршаған ортаға қамқорлық жасау мәселелеріне ерекше мән берді.
Кездесу соңында қатысушылар әділетті әрі прогрессивті Қазақстан құру жолындағы реформаларға қолдау білдіріп, мұндай ашық диалог алаңдарының халық пен билік арасындағы байланысты нығайта түсетінін алға тартты.