Биыл Ақтөбе облысындағы үш аудандық ауруханаға жапсарлас ғимарат салу жұмыстары басталады

Биыл Ақтөбе облысындағы үш аудандық ауруханаға жапсарлас ғимарат салу жұмыстары басталады

 

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде өңірдегі денсаулық сақтау саласын жаңғырту мәселелері қаралды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереевтің айтуынша, Ақтөбе облысы ұлттық көрсеткіштер бойынша еліміздегі үздік бес өңірдің қатарына енді. Жалпы өлім-жітім көрсеткіші 3,5%-ға төмендеген.

2025 жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында, жергілікті бюджет есебінен 14 медициналық нысан салынды. Бұл нысандарды іске қосу ауыл тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен қамтуға мүмкіндік берді.

Облыстық көпсалалы аурухана базасында Ахуалдық орталық ашылды. Мәртөк, Хромтау және Байғанин аудандарындағы амбулаторияларға, облыстық көпсалалы ауруханаға, Жаңақоныс ауылындағы отбасылық амбулаторияға және бірқатар өзге де нысандарға күрделі жөндеу жүргізілді.

Дәрігерлер тапшылығы 21,5%-ға қысқартылды. Осы мақсатқа бюджеттен 55 млн теңге бөлінді. 19 дәрігер шетелде біліктілігін арттыру курсынан өтті. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен 50 грант бөлінді, оның ішінде бесеуі – бакалавриат бағытында. Бірқатар медицина қызметкерлеріне жалдамалы тұрғын үй берілді. Аудандық және шалғай елді мекендерде жұмыс істейтін дәрігерлерге ынталандыру шаралары енгізілді.

Бұдан басқа, сала заманауи технологиялармен толықты. Атап айтқанда, жасанды интеллект элементтері бар PACS жүйесі және шалғай аудандар үшін телемедицина іске қосылды. Жедел жәрдем қызметінің санитарлық автопаркі GPS-навигация жүйесімен толық жаңартылды.

2026 жылы негізгі медицина бағыттары бойынша құзырет орталықтарын кеңейту, жаңа нысандар салу, соның ішінде Облыстық қан орталығын тұрғызу, мобильді және цифрлық сервистерді дамыту, сондай-ақ шалғай аудандардағы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру жоспарланып отыр.

«Ұлы дала (Батыс-3) шағын ауданында жаңа облыстық қан орталығы ғимаратының құрылысы жобасы қарастырылуда. Кезең-кезеңімен Құзыреттілік орталықтары мен мамандандырылған кабинеттерді, соның ішінде симуляциялық орталықты, инсулин терапиясы мектептерін, жастар денсаулығы орталықтарын, сараптамалық эндоскопиялық орталықты, «Диабеттік табан» және «Диабеттік ретинопатия» кабинеттерін ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ республиканың батыс өңірі үшін онкогематологиялық және кардиохирургиялық орталықтар ашу көзделуде. Хромтау, Мұғалжар және Шалқар аудандық ауруханаларындағы құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін бұл медициналық мекемелерге ауданаралық орталық аурухана мәртебесі беріледі. Қайта құрылымдау «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүргізілуде. Аталған ауруханалар үшін компьютерлік томография және магниттік-резонанстық томография аппараттары сатып алынады. Бұл ауыл тұрғындарын ғана емес, көршілес аудандардың халқын да заманауи жабдықтармен тексеруге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Ерлан Сұлтангереев.

Оның айтуынша, облыста пилоттық режимде жүкті әйелдерге арналған «БЕСІК» мобильді қосымшасы енгізіледі.

Өңір басшысы ауылдық елді мекендерде медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету, кадр тапшылығы мәселесін одан әрі шешу және медициналық ұйымдарды Медициналық сақтандыру қоры арқылы уақытылы қаржыландыруды бақылауда ұстауды тапсырды.

«Халық денсаулығына қамқорлық – мемлекетіміздің басым міндеттерінің бірі. Медициналық қызметтердің сапасын арттыру, дәрігерлерімізді қолдау және медициналық көмектің қолжетімділігін кеңейту, әсіресе ауылдық елді мекендерде, аса маңызды. Медициналық сақтандыру қоры нақты әрі уақытылы жұмыс істеуі тиіс, бірде-бір медициналық мекеме қаржыландырусыз қалмауы қажет», – деп тапсырды әкім.