
Көктемгі дала жұмыстарына дайындық мәселесі облыс әкімі Асхат Шахаров төрағалық еткен аппарат мәжілісінде қаралды.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жүсібәлиевтің мәліметінше, биылғы егіс көлемі - 865 мың гектар. Оның ішінде 506 мың гектарға - дәнді дақылдар, 75 мың гектарға - майлы дақылдар, 277 мың гектарға - мал азығы дақылдар себіледі. Картоп 3,5 мың гектарға, ал көкөніс 3,3 мың гектарға егіледі.
2026 жылғы өнімге 283 мың гектар жер дайындалды, оның ішінде 170 мың гектары - сүр, 113 мың гектары - сүдігер. Көктемгі егіске қажетті 90%-ы әзірленген. Дайындалған тұқымның 42 мың тоннасы сапа сараптамасынан өтіп, оның 99%-ы кондициялы деп танылды.
Егіс науқанына шамамен 1,5 мың трактор, 100-ден астам егіс кешені, 1,4 мың дәнсепкіш және 1,8 мың топырақ өңдеу техникасы тартылмақ. Техниканың 90%-ы дайын, жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Көктемгі дала жұмыстарына 7,9 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Бағаны Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі бекіткеннен кейін жеткізуші оператор анықталады.
«Кең дала-2» бағдарламасы аясында егіс науқанын жылдық 5% мөлшерлемемен несиелеу жалғасуда. Бүгінде 1,7 млрд теңге несие берілді. Өсімдік шаруашылығын субсидиялауға 2,1 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы тұқым шаруашылығын дамытуға, басым дақылдардың өндірісін арзандатуға, сондай-ақ минералды тыңайтқыштар мен пестицидтерді субсидиялауға бағытталған», – деді Асқар Жүсібәлиев.
Сонымен қатар шегірткеге қарсы күрес мәселесі қаралды. Биыл саяқ шегірткенің шамамен 160 мың гектар аумаққа таралуы болжануда. Іс-шараларға қажетті сома бөлініп, қызметтерді сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
Жиын барысында Асхат Шахаров Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк және Хромтау аудандарының әкімдерін тыңдады.
Өңір басшысы егіс науқаны кезінде ауыл шаруашылығының тұрақтылығын арттыру үшін мал азығы және майлы дақылдардың көлемін ұлғайтуды тапсырды. Сондай-ақ Ақтөбе қаласы мен аудандар әкімдеріне көктемгі дала жұмыстарына дайындықты күшейту, жетіспейтін тұқым көлемін толықтыру және шаруашылықтармен бірлесіп минералды тыңайтқыш енгізу жұмыстарын ұйымдастыру жүктелді.
«Көктемгі егіс науқаны – ауыл шаруашылығы үшін ең маңызды кезеңдердің бірі. Егісті қалай ұйымдастыратынымызға болашақ өнім ғана емес, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі, экономиканың тұрақтылығы және тұрғындардың әл-ауқаты байланысты. Бұл науқан барлық қызмет, шаруашылықтар және жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді жұмысын талап етеді. Техника, тұқым, тыңайтқыш – бәрі уақытында дайын болуы тиіс. Аудандардағы жұмысты дұрыс ұйымдастыру, егіс барысын бақылау және фермерлерді қолдау ерекше маңызды. Барлық аудан әкімдері барынша жауапкершілік танытып, тәртіп пен іс-қимыл үйлесімін қамтамасыз етуі керек. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында біз науқанды сәтті өткізіп, мол өнім алып, өңірдің ауыл шаруашылығын нығайтамыз», – деді облыс әкімі.
Жалпы аймақта көктемгі егіс науқанына дайындық жоспарлы түрде жалғасуда.